Қазақстанда туабітті даму ақаулары бар 56 мыңнан астам нәресте бар
АСТАНА. ҚазАқпарат - "Қазақстанда туабітті даму ақаулары бар 56 мыңнан аса нәресте бар. Ұлттық генетикалық тізілімде осындай ақпарат жиналған".
ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму бірінші вице-министрі С.З.Қайырбекованың төрағалығымен өткен ана мен бала өлімін, қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітімді азайту үшін жедел шаралар қабылдау жөніндегі республикалық штабтың кезекті отырысында министрліктің медициналық генетика жөніндегі штаттан тыс бас маманы Г.Святова осылай мәлімдеді.
Республикадағы пренатальды скрининг жайы туралы баяндаған ол генетикалық скринингтің тиімділігі - мамандарды даярлауға тікелей байланысты екенін алға тартты.
Осыған орай, 2014 жылы пренатальды скрининг өткізетін барлық мамандар тренингтен өтіп, сертификат алды. Дәрігерлер Финляндияға барып, оқып қайтты. 6 халықаралық шеберлік-сыныптары ұйымдастырылды. Өңірлерге барып тәжірибелік көмек көрсетілуде, деп хабарлайды ҚР ДСӘДМ баспасөз қызметі.
Айта кетейік, іштегі нәрестенің даму ақауларын уақтылы диагностикалау босандыруға қажетті барлық шараларды жоспарлап, алдын ала әзірлеп қоюға мүмкіндік береді. Ал, осы жұмыстардың тыңғылықты атқарылуы үшін мамандардың біліктілігін арттыру жұмыстары жалғасуда.