Қазақстанда туберкулез салдарынан туындайтын өлім-жітім 66 пайызға төмендеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда Тәуелсіздік жылдарында туберкулезбен сырқаттану 100 мың тұрғынға шаққанда 1991 жылы 64,4-тен 2015 жылғы 58,5-ке, яғни 9 пайызға, ал оның салдарынан туындайтын өлім-жітім 100 мың тұрғынға шаққанда 10,6-дан 4,1-ге сәйкесінше төмендеді.
«Республикада Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында туберкулездің негізгі эпидемиологиялық көрсеткіші бойынша 2002 жылғы ең жоғарғы көрсеткішпен (100 мың тұрғынға шаққанда сырқаттану көрсеткіші - 165,1, аурудан болған өлім - 24,2) жағымсыз динамика анықталған болатын. 2003 жылдан бүгінгі күнге дейін жыл сайын аталған көрсеткіштің тұрақты түрде төмендеуі байқалады (сырқаттану - 3 есе, өлім - 6 есе төмендеді)»,-делінген ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мәліметінде.
Атап айтқанда, қазіргі таңда елімізде 2014-2020 жылдарға арналған туберкулезбен күресудің кешенді жоспары жүзеге асырылып келеді. Аймақтардағы барлық медициналық ұйымдар ауруларды, оның ішінде дәрілік тұрақты формаларын диагностикалаудың заманауи құрылғыларымен қамтамасыз етілген. Туберкулезге қарсы препараттардың көлемі де жеткілікті.
Жыл сайын аймақтардағы жергілікті атқарушы органдар амбулаторлық жағдайда ем қабылдайтын туберкулезбен сырқаттанған адамдарға көрсетілетін әлеуметтік көмекті қаржыландыруды ұлғайтып отыр. Мәселен, 2015 жылы әлеуметтік қолдауға 714 млн. 97,2 мың теңге бөлінді. Ал 2014 жылы бұл сома 553 млн. 600,8 мың теңгені құраған болатын.
«Айта кету керек, Қазақстандағы туберкулезбен тиімді күресу жалпымемлекеттік сипатта сондай-ақ, мемлекеттің әлеуметтік саясатындағы маңызды әрі басым бағыттарының бірі болып қала бермек»,-дейді министрлік өкілдері.