Қазақстанда тұмау мен тыныс жолдары аурулары бойынша алдағы эпидемиялық маусымға дайындық басталды

АСТАНА. 13 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақстанда тұмау мен тыныс жолдары аурулары бойынша алдағы эпидемиялық маусымға дайындық басталды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Қазақстанда тұмау мен тыныс жолдары аурулары бойынша алдағы эпидемиялық маусымға дайындық басталды

Ведомствоның жіберген ақпараты бойынша, республикада жергілікті бюджет қаражатынан 549,8 млн. теңге сомаға маусымдық тұмауға қарсы вакциналардың 800 мың дозасы сатып алынды.

Биылғы 1 қазаннан бастап маусымдық тұмауға қарсы иммундаудың жаппай науқаны басталады, ол биыл бірінші кезекте ұйымдасқан ұжымдардың балалары мен жүкті әйелдерді вакцинациялауға бағытталып отыр және вакцинациялау ағымдағы жылғы 1 желтоқсанда аяқталады.

Былтырғы эпидемиялық маусымда эпидемиологиялық жағдай белгіленген деңгейден аспай, тұрақты болды. Тыныс жолдары ауруларының 859 211 және тұмаудың 549 жағдайы тіркелді. Мониторингке сәйкес былтырғы эпидемиялық маусымда тұмауға қарсы вакциналарды сатып алу үшін республика бойынша жергілікті бюджет қаражатынан 495 млн. теңгеден астам ақша бөлініп, 709 184 адам егілді, жалпы егілген адамдардың ішінде жұмыс берушілердің қаражаты есебінен 211 164 адам (19,5%), ақылы негізде 160 655 адам (14,9%) егілді. Барлығы 1 081 003 адам егілген. Вакцинациялаудан кейінгі асқынулар болған жоқ.

Мамандардың айтуынша, ағымдағы эпидемиялық маусымда тұмаудың А және В вирустары айналымда болады деп болжанады. Тұмауға қарсы вакциналардың құрамы тұмаудың А және В вирустарының штамдарын қамтитынын айта кету керек.

Биылғы 1 қыркүйектен бастап өңірлерде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары тұмаудың және тыныс жолдары ауруларының алдын алу мәселелері бойынша денсаулық сақтау органдары мен ұйымдарына практикалық көмек көрсетуде.  

«Халыққа суық тиюдің алғашқы белгілері (дене қызуының көтерілуі, жөтел, тамақтың ісінуі) пайда болған кезде медициналық көмекке уақтылы жүгінуді және өздігінен ем қабылдамауды, қажет болған кезде дәке бетперделерін киюді, үй-жайды желдетуді және ылғалды жинау жүргізуді ұсынамыз. Мүмкіндігінше, адамдар көп жиналатын қоғамдық орындарға бармау керек. Балалары ауырғанда ата-аналар дәрігерді үйге шақыруы керек. Дәрі-дәрмекпен қатар, халықтық медицина бойынша - сарымсақ, қайнатылған шөп, жақпамай пайдалану алдын алудың тиімді жолы болып табылады», - дейді дәрігерлер.