Қазақстанда тұмау, полиомиелит, туберкулез бен бруцеллезге қарсы вакциналар шығаратын зауыт салынады

Бұл туралы бүгін ҚР Білім және ғылым министлігінде өткен баспасөз мәслихатында «Ғылым қоры» АҚ Басқарма төрағасы Қуатжан Уәлиев мәлім етті.
«Келешекте «Ғылым қоры» Алматы облысы Гвардейский қалашығында жылына 10 миллионға дейін дәрі-дәрмек шығара алатын, GMP стандартына сай Биофармацевтикалық зауыттың құрылысын бастайды. Бұл зауытта тұмауға, полиомиелитке, туберкулезге және бруцеллезге қарсы медициналық вакциналар шығарылатын болады. Аталмыш жобаны халықаралық, отандық және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшыларымен ортақтаса отырып, жіті талқыладық. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі жасалды, жақын арада сметалық жобалау құжаттарын әзірлеу жоспарланып отыр», - деді Қ.Уәлиев.
Оның айтуынша, Қазақстанда тұмауға және туберкулезге қарсы вакциналар жасайтын бірде бір кәсіпорын жоқ. Сондықтан аталмыш жобаның бұл салада теңдесі жоқ деп атауға болады. Медициналық препараттар зауыты Гвардейский қалашығындағы Биологиялық қауіпсіздік институтының аумағында орналаспақ.
Жалпы «Ғылым қоры» 2007-2012 жылдар аралығында 22 гранттық жобаны қаржыландырды. Нәтижесінде 15 жоба патентке ие болды, 3-еуі авторлық кәлік алып, 6 жоба авторлық құқыққа өтінім берді.