Қазақстанда тұмауға қарсы вакцина неге өндірілмейді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда тұмауға қарсы вакциналарды өндіру тиімсіз. Бұл туралы Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин мәлім етті, хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бізде тұмауға қарсы вакцина өндірілмейді. Өйткені елімізде халықтың саны айтарлықтай көп емес. Егер де оны өзіміз өндірсек, оның құны тым қымбат болады. Мысалы, Ресейде халық саны 150 миллионға жуық адам тұрады. Сондықтан осыншама тұрғынға өндірген кезде, вакцина бағасы төмен болады», - деп түсіндірді Бас санитарлық дәрігер.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің ақпараты бойынша, Қазақстанда қазан айынан бастап тұрғындардың 10 пайызы вакцинацияланады. 2018 жылы бюджет қаражатына Ресейде өндірілген «ГРИППОЛ +» вакцинасының 1,5 млн. дозасы 1 млр. 200 млн.теңгеге сатып алынды. Вакцина A (H3N2) және A (H1N1) және В тұмау штаммдарының антигендерін қамтиды. Одан басқа Қазақстанда 3 өндірушінің тұмауға қарсы тағы 4 вакцинасы тіркелген.

Таратылған мәліметтерге қарағанда, алдын алу мақсатында әрбір адам қалауы бойынша тұмауға қарсы ақылы түрде вакцина алады.

Бас санитарлық дәрігердің атап өтуінше, биыл вакцинаны жаппай егу шаралары елімізде 1 қазаннан басталады.

Соңғы жаңалықтар
telegram