Қазақстанда тұмаумен сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты - ҚР ДСМ
АСТАНА. 24 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті елімізде тұмаумен және жіті респираторлық вирустық инфекциямен (ЖРВИ) сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық жағдай қалыпты екендігін хабарлайды.
Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ЖРВИ және тұмаумен сырқаттанушылық деңгейі өткен жылдың осыған ұқсас кезеңінен 26,9%-ға төмен. Бақылау деңгейінен арту тіркелген жоқ.
Эпидемиологиялық маусым басталғалы бері ЖРВИ-ның 200 589 жағдайы тіркелді, 1 жасқа дейінгі балалардың арасында ЖРВИ-ның 23 388 жағдайы, жүкті әйелдердің арасында 3327 жағдай тіркелді.
Еліміздегі 9 зертханада «А» типіндегі маусымдық тұмаудың расталған жағдайлары тіркелді. Зертханалық мониторинг нәтижелері бойынша респираторлық вирустардың айналыс белсенділігі төмен, негізінен тұмау емес этиологиядағы вирустар басым болып отыр.
Республика бойынша барлығы 1 342 685 адам тұмауға қарсы егілді, оның ішінде жергілікті бюджет қаражатынан 971 764 адам, жұмыс берушілердің есебінен - 301 219 адам, ақылы клиникаларда - 69 702 адам.
Вакцинадан кейінгі асқыну жағдайлары анықталған жоқ.
ЖРВИ-ның және тұмаудың алдын алу бойынша кешенді жұмыс жалғасуда, науқас балалар мен персоналды мектепке дейінгі балалар ұйымдары мен мектептеріне жібермеу үшін қадағалау жұмыстары күшейтілді. Стационарларда, медициналық ұйымдарда науқастарға бару шектелді, дене қызуы бар науқастарды жеке қабылдау жүргізіледі.
Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті суық тию ауруларының алғашқы белгілері пайда болған кезде (дене қызуының көтерілуі, жөтел, тамақтың ауыруы) дәрігерді дереу үйге шақыруды және өздігінен ем қабылдамауды ұсынады. Қажет болған кезде бет перде кию, үй-жайларды желдету және ылғалды жинау жүргізу керек. Адамдар көп жиналатын қоғамдық орындарға мүмкіндігінше бармаған жөн.