Қазақстанда тұңғыш рет аутизмге шалдыққан балаларды емдеуге арналған кешенді орталық ашылды (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда бүгін аутизмге шалдыққан балаларды емдеуге арналған орталық ашылды. Бұл орталықта бір уақытта 90 балаға көмек көрсетіледі. Мұнда жүйке дертіне шалдыққан балалар 6 ай толық оңалту курсынан өте алады.

Қазақстанда тұңғыш рет аутизмге шалдыққан балаларды емдеуге арналған кешенді орталық ашылды (ФОТО)

Баламен 4 маман: дефектолог, логопед, психолог, әлеуметтік педагог жұмыс жасайды. Айта кету керек, қыркүйек айында осындай орталық - Астанада, 2016 жылы Өскемен мен Қызылорда қалаларында ашылатын болады. Барлық орталықтар балаларды тегін қабылдайды.

«Біз аутизмге шалдыққан балалардың әлеуметтенуі мен толыққанды өмір сүруіне көмектесеміз. Қазақстанда мұндай әлемдік деңгейдегі орталықтар жоқ. Орталық «Аутизм. Баршаңызға бір әлем» бағдарламасы бойынша жұмыс жасайды. Алғашқы үш жылда ең аз дегенде 1000 отбасыға көмек көрсетеміз», - деді «Алтын мирас» қорының диреткоры Марат Айтмағамбетов.

«Орталықта Қазақстанның жетекші сарапшыларынан дәріс алған, шетелік озық технологиямен таныс, 40 психолог пен педагогтан тұратын күшті команда жұмыс жасап жатыр. Бағдарлама барысында жеке орталықтар үшін мамандар оқыту, Қазақстан бойынша мамандардың методологиялық және тәжірибелік білімдерін көбейту жоспарланған», - деді аутизмге шалдыққан балалардың ата-аналары құрған «Ашық әлем» қорының президенті Әлия Архарова.