Қазақстанда тұңғыш рет бауырды алмастыру отасы жасалды - С. Қайырбекова

АСТАНА. 12 желтоқсан. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Қазақстанда тұңғыш рет бауырды алмастыру отасы жасалды.

Қазақстанда тұңғыш рет бауырды алмастыру отасы жасалды - С. Қайырбекова

Бұл туралы бүгін Астанадағы «Денсаулық сақтау саласында әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруда үкіметті емес ұйымдардың рөлі» атты дөңгелек үстелде Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова айтты.

«А. Сызғанов атындағы институттың базасында Қазақстанда тұңғыш рет бауырды алмастыру отасы жасалды. Мамандармен селекторлық кеңес барысында сөйлескенде, олар бауырды трансплатациялаудың ең күрделі әрі ауыр түрі болып табылатынын атап өтті»,-деді министр. С. Қайырбекованың сөзіне қарағанда, бауырдың оң жақ бөлігі үлкен әпкесінен сіңлісіне ауыстырылған. «Екеуі де қазіргі кезде қанағаттанарлық жағдайда»,-деп атап өтті ведомство басшысы.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, биылғы 8 қарашада Сызғанов атындағы ҰХО бас директоры, профессор, РМҒА академигі Жеткерген Арзықұлов Қазақстанда тұңғыш рет А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығында жүрек пен бауырды ауыстыру операциялары жасалатынын мәлімдеген болатын. «Бауырды ауыстыруды желтоқсан айына жоспарлап отырмыз. Операцияларды шетелде оқып келген біліктілігі жоғары мамандар жасайтын болады. Ол үшін жақында Қазақстанның 50 шақты дәрігері алыс шетелдер мен ТМД елдеріне барып, трансплантация жасауды үйреніп қайтты»,-деді ол. Трансплантация - мемлекет үшін экономикалық жағынан тиімді тәсілдердің бірі және ол емдеудің бірден-бір әлеуметтік радикалды жолы болып табылады. «Адамның ішкі ағзасын ауыстыру сырқаттың, өлім аузында жатқан адамның өмірін сақтап қалуға көмектеседі. Бүгінгі заманауи медицина бір мезгілде жүрек, өкпе, бауыр, сонымен қатар ұйқы безі сынды бірнеше ағзаны ауыстыруға мүмкіндік беріп отыр. Одан қазіргі медицинаның қаншалықты дамығандығын байқауға болады»,-деді Ж.Арзықұлов.

Ол сонымен қатар: «Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында шамамен 1200 пациенттің жүрегін ауыстыру, тағы сонша адамның бауырын да ауыстыру қажеттілігі туындап отыр. Ал, басқа түрлі трансплантология бойынша операцияға 4000 -нан 10 000-ға дейін пациент көмекке зәру болуда»,-деді. Оның пікірінше, медицинаның бұл саласына қоғамның көзқарасын өзгерту үшін уақыт қажет.