Қазақстанда тұңғыш рет бауырды алмастыру отасы жасалған пациенттің халі тұрақты - С. Қайырбекова
АСТАНА. 12 желтоқсан. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Қазақстанда тұңғыш рет бауырды алмастыру отасы жасалған пациенттің халі тұрақты. Бұл туралы бүгін Денсаулық сақтау министрлігінің селекторлық кеңесінде ведомство басшысы Салидат Қайырбекова мәлім етті.
Ота А. Сызғанов атындағы институттың базасында жасалды. Мамандармен селекторлық кеңес барысында сөйлескенде, институт дәрігерлері бауырды трансплатациялаудың ең күрделі әрі ауыр түрі болып табылатынын атап өтті. Бауырдың оң жақ бөлігі 38 жастағы үлкен әпкесінен 33 жасар сіңлісіне ауыстырылған.
«Қазіргі кезде ота жасалған пациенттердің жағдайы тұрақты деп бағалануда», - деп атап өтті ведомство басшысы.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, бауырды ауыстыру операциясы биыл 9 желтоқсанда А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығында Беларус мамандарының көмегімен жасалған болатын. Селекторда белгілі болғанындай, ота 12 сағатқа жалғасқан.
С. Қайырбекова бейнеконференция арқылы өткен селекторлық жиында беларустық хирургтарға алғыс білдіріп, оларға «Қазақстан медицинасының дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгілерін тағайындағандығын мәлім етті.
Қазіргі таңда, министрліктің деректері бойынша, Қазақстанда ағза мүшелерін ауыстыру үшін адамдар шетел клиникаларына баруға мәжбүр болып келеді. Ал онда бір адамға ота жасау үшін мемлекеттік бюджеттен 200-300 мың еуро кетеді екен.