Қазақстанда тұңғыш рет парниктік газдар шығарындыларының квоталары саудаға шығарылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2014 жылдың 28 наурызында Қазақстанда тұңғыш рет парниктік газдар шығарындыларының квоталары саудаға шығарылды. «Каспий» тауар биржасында өткен саудаға 5 компания өкілдері қатысып, нәтижесінде 4 мәміле тіркелді. Жасалған мәмілелердің жалпы көлемі СО2 газының 32 044 тоннасын құрады. СО2 газының 1 тоннасы үшін белгіленген квота бірлігінің бағасы 455 теңгені (мәміле жасалған күнгі Қазақстан Республикасының Ұлттық банкінің бағамы бойынша $2,05) құрады.
Бұл туралы ҚР Қоршаған ортаны қорғау және ру серурстары министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстанның парниктік газдар шығарындыларының сауда жүйесі 2013 жылдың 1 қаңтарында жұмыс істей бастады. Бұл жүйе - парниктік газдар шығарындылары көлемін қысқарту мен климаттың өзгеруі қарқынын бәсеңдетудің, сондай-ақ, экономикалық даму мен жаңа технологияларды енгізудің нарықтық құралы.
Еліміздің Экологиялық кодексінің талаптарына сәйкес, бүгін, 1 сәуір күні, 2013 жылы парниктік газдар шығарындыларының нақты көлемдері түгендеу бойынша есеп беру және жүргізілген сауда операциялары бойынша ақпарат тапсыру мерзімі басталды.
2013 жылға белгіленген квоталар көлемін асырған кәсіпорындар артық шығарған парниктік газдардың нақты көлемін өтеу тиіс. Жеткіліксіз квоталар көлемін олар биржа арқылы сатып алады.
Бүгінгі күні 2013 жылға бөлінген квоталардың қолдану мерзімін ұзарту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл мәселе оң шешімін тапса, 2013 жылғы квоталар 2014 жылдың 1 шілдесіне дейін саудаға шығарылмақ. 2013 жылға берілген квоталардың келесі сауда кезеңдерінде күші жойылып, келесі кезеңнің алғашқы саудасынан кейін айналымнан шығарылады.
2013 жылға берілген квоталардың жалпы көлемі, қосымша бөлінген квоталарды есепке алғанда, СО2 газының 158 099 190 тоннасын құрады.