Қазақстанда тұңғыш рет ТВ мен радиоға арналған халықаралық іс-шара өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорданың 20 жылдық мерейтойына орай 2018 жылғы 10-12 шілдеде Астана қаласында «Азия медиа диалогы» жалпы лозунгының аясында бірқатар ауқымды іс-шаралар өтеді. Олардың шеңберінде семинарлар, конференциялар, сонымен қатар Азия радиосының ән фестивалі өткізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазмедиа орталығының» баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 
None
None

Іс-шаралардың ұйымдастырушысы - Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі, Азия және Тынық мұхит хабар тарату одағы (АТМХТО), «Қазмедиа орталығы» басқарушы компаниясы. Бірігіп ұйымдастырушы - «Астана Конвеншн Бюро».

«Медиа саласындағы басшылар үшін семинарда радио форматын жасауға, аудиторияны және оны зерттеу құралдарын бағалауға, Еуропа мен Азияның медиа нарықтарының интерактивті үлгілерін және озық тәжірибелерін көрсету арқылы контентті әртүрлі аудиторияға тарататын көпплатформалы және бірплатформалы бағдарламаларды қолдануға қатысты мәселелер көтеріледі» делінген хабарламада.

Бұдан басқа, алғаш рет Қазақстанда ең ірі салалық конференциялар өткізіледі. Олардың біреуі Азия радиосының мәселелеріне арналған. Азия мен Еуропа медиасына ортақ мәселелерді талқылау мақсатында шешуші оқиға «Media-2020» конференциясы болмақ. Іс-шарада Аустралия, Бельгия, Германия, Жапония, Қытай және Еуропа мен Азияның басқа елдерінің жеке әрі ұлттық теле- және радиокомпанияларының жетекші өкілдері модератор болады.

Азия-Тынық мұхит өңірі елдерінің жыл сайынғы ән байқауы ABU Radio Song Festival ән фестивалі АТМХТО-ның елорда тұрғындарына Астана мерейтойын тойлау құрметіне орай ерекше сыйлығы болмақ. Биыл Қазақстан - осы фестивальді қабылдайтын Орталық Азиядағы бірінші ел. Фестивальға Түркия, Непал, Мальдив аралдары, Қазақстан және т.б. елдердің өкілдері қатысады. Іс-шара Қазмедиа орталығының киноконцерт залында ұйымдастырылады. Фестивальге кіру - тегін.

Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев 2017 жылы қыркүйекте Қытайда өткен АТМХТО Бас Ассамблеясының қатысушыларына айтқандай, Қазақстан барлық әлемнің көрнекті медиа өкілдерін жинап, өзін Еуропа мен Азия арасындағы маңызды коммуникациялық торап ретінде көрсетеді. Іс-шараның аса маңызды қонақтары - беделді медиалық үкіметтік емес мекеме басшылары болмақ.

Олардың ішінде АТМХТО және COPEAM (Жерорта теңізі хабар таратушыларының қауымдастығы) бас хатшылары, Араб хабар таратушылары қауымдастығының басшылары, әлемде тыңдаушылар аудиториясы ең үлкен радио - Үндістан радиосын қоса алғанда, Азия мен Еуропаның телерадио хабар тарататын компаниялары бар. Осылайша, АТМХТО желісіндегі іс-шаралар Қазақстандағы оқиға туризмін дамытуға бағытталған аса маңызды имидждік жоба болады.

АТМХТО - аудиториясы 3 миллиард адамды құрайтын, әлемнің ең ірі және тығыз орналасқан өңірі - Азия мен Океанияның 69 елінің 292 хабар тарату ұйымдарын біріктіретін коммерциялық емес кәсіби қауымдастық. Хабар таратушылардың өңірлік және халықаралық достастығын нығайтуға және олардың қызығушылықтарын ілгерілетуге себептесетін мұндай беделді ұйыммен ынтымақтастық жасау Қазақстанның отандық өнімінің сапасын жоғарылатуға және бағдарлама жасау мен жаңалық алмасу бойынша әлемдік тәжірибені үйренуге жол ашады.

Іс-шараны ұйымдастыру серіктесі - Мультисервистік инфокоммуникация операторы - "Қазақтелеком" АҚ.

Соңғы жаңалықтар