Қазақстанда тұратын халықтардың тілдерін дамытуға барлық жағдай жасалуда - Б.Сапарбаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Республика аумағында тұратын түрлі халықтардың тілдерін дамыту үшін Қазақстанда барлық қажетті шаралар қолданылып келеді, деп атап өтті бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев «Тіл - келісім негізі» атты республикалық семинарда.
Бұл туралы primeminister.kz жазады.
«Біздің мемлекетіміз жүргізіп келе жатқан саясат еліміздің аумағында өмір сүретін халықтардың тілдерін дамыту үшін жағдай жасауға бағытталған», - деді Б.Сапарбаев.
Вице-премьер Қазақстанда орыс тілінде 15 театр, корей, неміс, өзбек және ұйғыр тілдерінде 4 театр жұмыс жасайтынын атап өтті.
«Қазақстанда түрлі халықтардың бес тілінде бес газет, радио мен телевизияда бағдарламалар шығады. Көптеген қалалар мен аудан орталықтарында жексенбілік мектептер бар, олар халықтардың өз тілдерін, мәдениетін және салт-дәстүрін ұмытпауға бағытталған», - деп толықтырды Премьер-Министрдің орынбасары.
Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда 7563 жалпы білім беру мектебінің 1291-і орыс, 20-сы өзбек, 13-і ұйғыр, 4-уі тәжік тілдерінде оқытады, 2100 мектеп - аралас, 8467 мектепке дейінгі мекеменің 1840-ы орыс, 3-уі басқа тілдерде оқытады. 1098 балаларды мектепке дейінгі оқыту мекемесі оқытуды екі тілде жүргізеді. Этномәдени бірлестіктердің 190 жексенбілік мектебінде 30 этникалық топтың ана тілдері оқытылады.