Қазақстанда тұратын ұлттардың ас мәзірімен таныстыратын бағдарлама көрерменге жол тартады (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан» телеарнасында еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің асханасына арналған бағдарлама жарыққа шығады, деп хабарлайды «Қазақстан» РТРК баспасөз қызметінен.
Шығармашылық топ бағдарлама барысында әр түрлі диаспора өкілдерінің асханасымен ғана таныстырмай, олардың мәдениеті мен салт дәстүрінің ерекше қызықты тұстарын көрермендерге жеткізуге тырысады.
Бағдарламаның негізіне екі аспаздың тамақ дайындау сайысы алынады. Оның бірі - кәсіпқой, ал екіншісі әуесқой аспазшы болады. Мәселен, бір хабар корей асханасына арналса, әуесқой аспаз корей ұлтының өкілі болады да, екінші сайыскер кәсіби аспаз болады. Арнайы мейрамханаға шақырылған сарапшы мамандар жасалған тағамның үздігін анықтайтын болады.
Бағдарламаның жалпы саны - 16, яғни осынша ұлт өкілдерінің асханасына арналған бағдарлама жасалады. Жоба соңында ең үздік аспаз марапатталады.
«Ас болсын» бағдарламасын көрермендер «Қазақстан» телеарнасының эфирінде 10 қазаннан бастап, әр сенбі сайын сағат 10.45-те тамашалай алады.