Қазақстанда тұрғын үй сапасының бірыңғай стандартын енгізу ұсынылды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында депутат Мақсұт Насибулов қалалар мен елді мекендерде тұрғын үй сапасының бірыңғай стандартын енгізу жөнінде депутаттық сауалын жариялады.

Тұрғын үй бағасы мен отбасы табысы салыстырылмақ: Депутат жаңа әдістеме ұсынды
Фото: Kazinform/ЖИ

- Атап айтқанда балалар үшін ойын алаңдары, спортпен айналысып, серуендейтін алаңдар, қарт адамдар мен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы демалыс орындары сынды қолайлы орта қалыптастыру мәселесі назардан тыс қалатынын байқадық. Осы мәселе аудан орталықтары мен ауылдық елді мекендерде өткір тұр, - деді Мақсұт Насибулов Үкімет басшысының атына жолдаған сауалында.

Оның пайымынша, мемлекет қаржысы есебінен салынатын, сондай-ақ өзге де қаражат көздері арқылы бой көтеретін тұрғын үйдің сапасына қойылатын бірыңғай ең төменгі сапа стандартын белгілеу қажет.

- Жаңа тұрғын үйлерді жобалау кезінде тек ғимараттың өзін ғана емес, сонымен қатар қажетті инфрақұрылым мен абаттандыру элементтерін де алдын ала қарастыру қажет. Атап айтқанда, аумақты абаттандыру, жарықтандыру, жаяу жүргіншілер жолдары, көгалдандыру, балалар және спорт алаңдары, демалыс орындары жобада міндетті түрде ескерілуі тиіс. Сонымен қатар, бұған дейін салынған мемлекеттік тұрғын үйлерге тексеру жүргізу қажет. Жобалау-сметалық құжаттамада көзделген талаптарды нақты орындалған жұмыстармен салыстыру керек, - деді депутат.

Оның сөзіне қарағанда, бұл стандарт тек Астана немесе облыс орталықтарында ғана емес, аудан орталықтары мен ауылдарда да қолданылуы керек. Бұл ретте әр елді мекеннің ерекшеліктерін ескеру маңызды.

- Біз ауылға қалалық үлгіні сол күйінде көшіруді ұсынбаймыз. Біздің мақсатымыз - әр адамға лайықты өмір сүрудің бірыңғай базалық деңгейін қамтамасыз ету – деді Мақсұт Насибулов.

Айта кетейік, жақында Премьер-министр тұрғын үйдің бастапқы жарнасын төмендету тетіктерін әзірлеуді тапсырды.