Қазақстанда тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды қолдау тетіктері жетілдіріліп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда Отбасы банк арқылы тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды қолдау шаралары жүзеге асырылып жатыр. 2019 жылдан бері 105 мың азамат жеңілдетілген несие арқылы баспаналы болса, 2033 жылға дейін кемінде 292 мың отбасын тұрғын үймен қамту жоспарланып отыр. 

Баспана отбасылардың өмірін қалай өзгертті
Фото: Kazinform / ЖИ

Банк өкілдерінің айтуынша, тұрғын үй кезегін цифрландыру азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету жұмысын жеделдетуге мүмкіндік берген. Сонымен қатар мемлекеттік қолдау арқылы тұрғын үй алған отбасылардың тұрмыс жағдайы зерттеліп, бағдарламалардың оң нәтижелері мен жетілдіруді қажет ететін тұстары анықталды.

Баспана отбасылардың өмірін қалай өзгертті

«Қазақстандағы қолжетімді тұрғын үй: зерттеу нәтижелері және сектораралық диалог» конференциясы Еуропалық Одақ қаржыландыратын Shanyraq жобасы аясында ұйымдастырылды. Отбасы банк Shanyraq жобасымен әлеуметтік тұрғын үйдің қолжетімділігі мен сапасын зерттеу бағытында ынтымақтастық орнатқан. Зерттеу барысында баспананың сапасы, әлеуметтік инфрақұрылымға қолжетімділік және тұрғындардың күнделікті өмірінде кездесетін қиындықтар қарастырылды.

Зерттеу Қазақстанның 10 негізгі қаласында жүргізіліп, қосымша Теміртау мен Саран қалаларының тұрғындары да қамтылған. Мамандар 99 сұхбат материалын жинап, 100 адамның қатысуымен 10 фокус-топ өткізген. Сондай-ақ 83 мекенжайдағы тұрғын үйлер мен олардың айналасындағы инфрақұрылымды қарастырған.

«Nomad Rights» қоғамдық қорының директоры Әлішер Қожағұловтың мәліметінше, зерттеуге мүгедектігі бар азаматтар, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелейтін отбасылар, көпбалалы және толық емес отбасылар, сондай-ақ жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған азаматтар қатысқан.

– Зерттеу нәтижелері мемлекеттік қолдау арқылы баспана алу азаматтардың тұрмысына оң әсер ететінін көрсетті. Бірқатар отбасы пәтер жалдауға жұмсалатын шығынын азайтып, қаржысының бір бөлігін балалардың біліміне, денсаулығына және басқа да қажеттіліктеріне бағыттауға мүмкіндік алған. Бірақ баспана алғаннан кейін де шешілмейтін мәселелер бар. Кейбір тұрғын үйлердің сапасы талапқа сай келмейді, мүгедектігі бар азаматтарға қолайлы жағдай жасалмаған. Сонымен қатар мектеп, медициналық мекеме мен қоғамдық көліктің алыстығы тұрғындардың күнделікті өмірін қиындатады, - деді қоғамдық қордың басшысы аталмыш зерттеуді таныстыру кезінде.

тұрғын үй
Фото: Ұлттық статистика бюросы

Зерттеу нәтижелерін мемлекеттік тұрғын үй саясатын жетілдіруге пайдалану маңызды. Еуропалық Одақтың Қазақстандағы өкілдігі ынтымақтастық бөлімі басшысының орынбасары Хуана Мера Кабелло да осы мәселеге назар аударып, тұрғын үйдің қолжетімділігі адам құқықтары мен әлеуметтік теңдікке тікелей байланысты екенін атап өтті.

– Бұл зерттеу ЕО 550 мың еуро грант бөлген «Шаңырақ» жобасы аясында жүргізілді. Зерттеу Қазақстандағы баспананың қолжетімділігіне қатысты мәселелерді анықтап, оларды шешу жолдарын табуға көмектеседі деп сенеміз. ЕО Қазақстанмен адам құқықтарын қорғау, әлеуметтік даму және баршаға бірдей экономикалық мүмкіндіктер жасау бағытында ынтымақтасуды мақтан тұтады. Осындай бастамаларды қолдауымыз – адам қажеттіліктерін басты орынға қоятын саясатымыздың көрінісі, - деді ЕО өкілі.

«Еуразия Орталық Азия» қорының директоры Ринад Темірбеков зерттеудің басты мақсаты тұрғын үй бағдарламаларының нәтижесін азаматтардың нақты өмірі арқылы бағалау екенін айтты.

– Қазақстанда тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу, мемлекеттік қолдау көрсету және жеңілдетілген несие беру тетіктері қалыптасқан. Дегенмен баспана алған адамдардың жаңа тұрғын үйге қаншалықты көңілі толатынына да назар аудару қажет. Егер біз мұқтаж азаматқа пәтер бердік деп есеп берсек, мәселе шешілгендей көрінеді. Бірақ ол адам сол пәтерде тұра ала ма, жағдайына көңілі тола ма? Ең бастысы – жай ғана пәтер беру емес, адамның тұрғын үй мәселесін шешіп, өмір сапасын жақсарту, - деді қор директоры.

Оның айтуынша, зерттеу қорытындылары мемлекеттік органдарға, Отбасы банкке және басқа да жауапты ұйымдарға ұсынылады. Алдағы екі жылда қор әлеуметтік тұрғын үй алушылардың жағдайын бақылауды жалғастырмақ. Мұндай зерттеулер жыл сайын жүргізіледі деп жоспарланып отыр.

Отбасы банк тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды қалай қолдап жатыр

Конференцияда Отбасы банктің Ұлттық даму институты ретіндегі жұмысы да таныстырылды. «Отбасы банк» АҚ Алғашқы баспанамен қамтамасыз ету орталығы департаментінің директоры Азат Әшімов 2025 жылдан бастап тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу және кезек жүргізу міндеті әкімдіктерден Отбасы банкке берілгенін тілге тиек етіп, қазіргі таңда тұрғын үйге мұқтаждар есебіне бір миллионнан астам азамат тіркелгенін атап өтті. Олардың 484 мыңнан астамы әлеуметтік осал топтарға жатады, оның ішінде 325 мыңға жуығы баспананы бірінші кезекте алуға құқығы бар азаматтар.

Азат Әшімов
Фото: "Отабсы банктің" баспасөз қызметінен

– Біз үшін бұл жай ғана тізім немесе қағаздағы сандар емес. Әрқайсысының артында нақты отбасы, адам тағдыры тұр. Сондықтан тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың санын азайтуға барынша күш салып жатырмыз, – деді Азат Әшімов.

Оның мәліметінше, 1,5 жыл ішінде банкке тұрғын үйді бөлу және жеңілдетілген несие арқылы ұсыну үшін 41 939 пәтер берілген. Оның 27 219-ы жалдамалы, 14 720-сы несиелік тұрғын үй.

Бұдан бөлек, 2026 жылдың 10 айында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 15 399 несие берілген.

Сондай-ақ, банк өкілі қазір тұрғын үй кезегінде тұрған 344 мың азаматтың Отбасы банктегі жинағы шамамен 184 миллиард теңгеге жеткенін атап өтті. Олардың арасында әлеуметтік осал топ өкілдері де бар. Банк өкілінің айтуынша, кейбір азаматтар мемлекеттік бағдарлама бойынша баспана алуды күтпей, өздеріне қажетті мектеп, аурухана және басқа да нысандарға жақын жерден пәтер сатып алу үшін қаражат жинап жатыр.

– Банк тұрғын үй кезегін жүргізу мен пәтер бөлуді автоматтандырды. Арнайы ақпараттық жүйе 15 мемлекеттік сервиспен біріктірілді. Ол азаматтардың отбасы құрамы, табысы және баспанасының бар-жоғы туралы мәліметтерді тексеруге мүмкіндік береді, - деді ол.

Сонымен қоса «Отбасы банк» өкілі тұрғын үй кезегіндегі азаматтардың деректерін жаңарту жұмысына да тоқталды. Оның сөзінше, жүргізілген талдау нәтижесінде 200 мыңнан астам адамның кезектегі мәртебесін қайта қарау қажеттігі анықталған.

– Бұл азаматтардың барлығы бірден кезектен шығарылады деген сөз емес. Қазір олардың жағдайын талдап жатырмыз, – деді департамент директоры.

Пәтер бөлу тәртібінде не өзгереді

Сондай-ақ Азат Әшімов тұрғын үйді бөлу тәртібіне өзгерістер енгізілгенін айтып өтті. Егер белгілі бір өңірде жетім балаларға арналған 20 пайыздық квота толық пайдаланылмаса, қалған пәтерлер басымдық берілген басқа санаттарға ұсынылады. Бұл санаттарда да үміткерлер болмаса, тұрғын үй кезектегі өзге азаматтарға беріледі. Мұндай өзгеріс пәтерлердің бос тұрмауына және ұзақ жылдар кезек күткен азаматтардың баспаналы болуына мүмкіндік береді.

– Банк алдағы уақытта әкімдіктерге қандай санаттағы азаматтарға қандай тұрғын үй қажет екенін көрсететін ұсыныстар беруді жоспарлап отыр. Мәселен, мүгедектігі бар адамдар үшін бірінші қабаттағы, кіреберісі мен есігі кең, табалдырықтары жоқ пәтерлердің қажеттілігі ескеріледі. Бұдан бөлек, азаматтардың сұрақтарына жедел жауап беретін чат-бот әзірленіп жатыр. Ол тұрғын үй кезегіндегі мәліметтерді, өңірде бөлінген пәтерлер туралы ақпаратты және басқа да қажетті деректерді ұсынатын болады, - деді спикер.

үй
Фото: Александр Павский/Kazinform

Отбасы банк 2033 жылға дейін кемінде 292 мың отбасын баспанамен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.

Конференция қорытындысында зерттеу авторлары мемлекеттік тұрғын үй көмегін көрсету тәртібін жетілдіру, азаматтардың нақты қажеттіліктерін ескеру және берілетін баспананың сапасын жақсарту жөнінде ұсыныстар әзірледі. Алдағы уақытта олар мемлекеттік органдармен, құрылыс салушылармен және сарапшылармен талқыланады.

Осылайша, Қазақстанда тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды қолдау шаралары жалғасып, баспаналы болудың жаңа мүмкіндіктері қарастырылып жатыр. Ал зерттеу нәтижелері мемлекеттік бағдарламалардың отбасылардың тұрмысын жақсартуға ықпал етіп отырғанын көрсетті. Ендігі міндет – тұрғын үйге қолжетімділікті арттырумен қатар, оның сапасына, әлеуметтік инфрақұрылымның қолайлылығына және тұрғындардың нақты қажеттіліктеріне назар аудару. Бұл мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттырып, баспаналы болған азаматтардың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.