Қазақстанда тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасының орындалуын қадағалайтын қоғамдық кеңес құрылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасының орындалуын қадағалайтын қоғамдық кеңес құрылды. Бүгін аталған кеңестің алғашқы отырысы ҚР Үкімет басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өтуде.

Қазақстанда тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасының орындалуын қадағалайтын қоғамдық кеңес құрылды

«Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі бастамасымен құрылған қоғамдық кеңес енді аталған бағдарламаның орындалуы барысын қадағалайтын болады. Нақтырақ айтқанда кеңес мүшелері тұрғындарға құрылыс қарқынын, бағдарламаға қатысуға тілек білдірушілердің тізімін, пәтерлердің әділ бөлінуін қадағалап, ұдайы хабарлап отыратын болады.

Қоғамдық кеңес мүшелері мыналар: ҚР Үкімет басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев, ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева, ҚР Парламентінің депутаттары, «Нұр Отан» партиясының өкілдері, облыс әкімдері мен олардың орынбасарлары, құрылыс компаниялары мен жеке инвесторлар, Кәсіпкерлердің ұлттық палатасының өкілдері, «Бәйтерек» ҰБХ басшылығы және оған тиесілі еншілес құрылымдар - «Қазақстан ипоетекалық компаниясы» АҚ, «Бәйтерек девелопмент» АҚ, сонымен қатар ҚР Журналистер одағы басқармасының төрағасы Сейітқазы Матаев кіреді.

Айта кетерлігі, алдағы бес жылда елімізде 1,5 млн. шаршы метр тұрғын үй, яғни 29 мың әлеуметтік жалға берілетін пәтер салу жоспарланған. Ағымдағы жылдың өзінде ғана 487 мың шаршы метр жалға берілетін тұрғын үй салу көзделген.