Қазақстанда тұрғын үй құрылысы тоқтамайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы жас отбасылар, бюджеттік мекеме қызметкерлері және халықтың әлеуметтік жағынан аз қорғалған бөлігі «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыттары бойынша жаңа баспанаға қол жеткізе алады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Ұлттық экономика министрінің орынбасары Қайырбек Өскенбаев мәлімдеме жасады. Құзыретті министрлік өкілі қалыптасқан экономикалық ахуалға қарамастан, мемлекет әлеуметтік тұрғын үй құрылысын тоқтатпайтынын хабарлады.
None
None

Соның біріншісі - баспана алуға кезекте тұрғандарға жалға берілетін пәтерлерді салу. Ұлттық экономика министрінің орынбасары 2015 жылдың соңына дейін елімізде 115 мың шаршы метр жалдамалы пәтерлер пайдалануға берілетінін мәлімдеді. Бұл пәтерлерді жергілік атқарушы органдарда кезекте тұрғандар мен жас отбасылар алады. «Жалға берілетін баспана салу бойынша біз екі бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Ең алдымен, жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрған азаматтар мен жас отбасылар баспанамен қамтамасыз етіледі. Мысалы, биыл 115 мың шаршы метр тұрғын үй салуды жоспарласақ, соның ішінде 101 мың шаршы метрі пайдалануға берілді. Бұл - жоспарымыздың 88 пайызы орындалды деген сөз. Жылдың соңына дейін қалған үйлерді салып бітіреміз»,- деді Қ. Өскенбаев.

Вице-министрдің мәліметіне қарағанда, жергілікті атқарушы органдарда қазір 337 112 адам тұрғын үйдің кезегінде тұр. Соның ішінде, 319-ы - Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері, 47 613-і - жетім балалар, 143 414-і - әлеуметтік ахуалы төмен топтардың өкілдері, 143 610-ы - мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік мекеме қызметкерлері, әскери адамдар, 2 165-і - өз басындағы жалғыз баспанасы жарамсыз деп табылған адамдар. Атап айтарлығы, Астана мен Алматы қалаларында әр шаршы метрдің құны - 120 мың теңгені, қалған өңірлерде - 90 мың теңгені құрайды. «Жас отбасылар бойынша бөлек бағдарлама бар. Мысалы, жас отбасы жаңадан салынған баспанаға қоныстана алады. Және ол жалға алған пәтерінде 8 жылға дейін тұруға және өзінің үйін толығымен сатып алуға қажетті қаражатты жинауға құқылы. Егер де жинаған ақшасы үйді сатып алуға жетпесе, «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінен» 15 жылға жылдық 4 пайыздық мөлшерлемемен несие алады»,- деп түсіндірді вице-министр.

Сонымен қатар, еліміздегі үлескерлер мәселесі де оң шешілетіні белгілі болды. Қ. Өскенбаев бұл мәселені Ұлттық экономика министрлігі қатаң бақылауда ұстап отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, 2015 жылдың соңына дейін үлестік қатысу арқылы салынып жатқан 9 нысанның құрылысы аяқталады. Ал, 2016 жылы қалған 5 нысан да толығымен салынып бітеді. Сөйтіп, еліміздегі 1664 үлескер ұзақ күттірген баспанасына қол жеткізіп, қоныс тойын тойлайды. Вице-министр үлескерлер мәселесінің қалай шешіліп жатқанына нақты мысал келтірді. Мысалы, Жамбыл облысындағы «Атшабар» тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтауды «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» АҚ-ы өз мойнына алған. Бұл құрылыс 2015 жылдың соңында пайдалануға беріледі. Ал Ақтау қаласындағы «Ақжелкен» тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтайтын инвестор табылған. Сондай-ақ, Астана қаласындағы «Территория комфорта» тұрғын үй кешені бойынша жергілікті әкімдік істі қолына алыпты. Демек, экономикалық қиыншылықтарға қарамастан, мемлекет қарапайым қазақстандықтардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға басымдық беруде. Әмірлан Әлімжан

Соңғы жаңалықтар