Қазақстанда тұрғын үй құрылысының жаңа бағдарламасы бойынша құрылыс жұмыстары басталады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда тұрғын үй құрылысының жаңа бағдарламасы бойынша құрылыс жұмыстары 2015 жылдың қаңтарында басталады.
Бұл туралы мұның алдында «Қазақстан-2050» демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясының отырысында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев мәлiм еткен болатын.
Биыл вице-премьерлiк қызмет мерзiмi аяқталған Б. Сағынтаев: «Қазіргі уақытта біз тұрғын үй салудың жаңа механизмдерін әзірлеудеміз. Бағдарламаға сәйкесінше өзгертулер желтоқсан айында енгізіледі. Ал 2015 жылдың 1 қаңтарынан еліміздің барлық өңірлерінде жаңа тұрғын үй бағдарламасы бойынша үйлердің құрылысы басталады», - деген болатын.
Б.Сағынтаевтың атап өткенiндей, жалдамалы тұрғын үй құрылысы жүргізілетін аудандарға инженерлік желілер тартуға және құрылысты жобалауға 35 млрд. теңге бөлінеді. Сонымен қатар жалдамалы тұрғын үй құрылысы үшін «Бәйтерек» холдингіне 0,1 пайыздық ставкамен 30 жылға 145 млрд. теңге бөлу жоспарланып отыр. Жалдамалы тұрғын үй құрылысы бағдарламасының операторы «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» АҚ болады. Қосымша 1 млн. шаршы метр тұрғын үй салынады.
Тұрғын үй құрылысына Ұлттық қордан бөлінетін 145 млрд. теңгеден бөлек те қаржы қарастырылады. Атап айтқанда, 2013-2014 жылдарға арналған «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасына 29 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген болса, Қазақстанның ипотекалық компаниясы қор нарығында 2017-2019 жылдарға арналған 50 млрд. теңге сомасындағы облигацияларды орналастырады. Бұдан бөлек, басқа да қаржы көздерінен баспана құрылысына 25,8 млрд. теңге тартылады. Нәтижесінде, тұрғын үй құрылысына салынатын қаржының жалпы көлемі 250 млрд. теңгені құрайды. Дайын үйлер жаңа тұрғын үй құрылысы бағдарламасы арқылы берілуі мүмкін.