Қазақстанда туризм дамуы үшін көрші елде көтеріліс болуы керек пе? - республикалық басылымдарға шолу

***
Кәрім Мәсімов үкіметі елімізде осыған дейін бекітілген «Ауыз су» бағдарламасынан бас тартып, жаңа бағдарлама енгізбек. Оны жүзеге асыруға 2020-жылға дейін жыл сайын 90 миллиард теңге бөліп тұру туралы мәселе Қаржы министрлігімен пысықталып үлгеріпті. Аталмыш соманың 60 миллиарды республикалық бюджеттен, 30 миллиарды жергілікті бюджеттен бөлінбек. Бұған қоса үкімет аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру ісіне инвесторларды да тартпақ. «Аталмыш мәселе жөнінде егжей-тегжейлі білгіңіз келсе, «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Аңқасы кепкен ауылдардың қарасы өсуде» атты мақаланы оқыңыз.
Сондай-ақ осы басылымның хабарлауынша, елімізде жұмыссыздар саны азайып келеді. Мысалы, өткен жылдың маусым айында жұмыссыздар саны 559 мың адам болса, биыл бұл көрсеткіш 496 мың адамды құраған.
Сондай-ақ басылым тілшісінің Статистика агентігінің төрағасы Әлихан Смайыловтың деректеріне сүйене отырып келтірген мәліметтері бойынша, осы жылдың маусым айында инфляция деңгейі 4,5 пайыздан аспаған. Ал азық-түлік тауарларының бағасы 5,6 пайызға, азық-түлік емес тауарлар 2,7 пайызға, ақылы қызмет көрсету 4,6 пайызға өскен. Статистика агенттігінің мәліметтері негізінде дайындалған еліміздің әлеуметтік-экономикалық және өзге де салаларындағы өзгерістер жөнінде «Айқынның» бүгінгі санындағы «Биылғы инвестицияның көлемі жоғары» атты мақаладан білуге болады.
***
«Алаш айнасы» елімізде өтетін Азия ойындарына дайындық жұмыстарына алаңдаулы. «Енді бірер айдан соң Алматы және Астана қалалары VII қысқы Азия ойындарын қабылдайды. Дегенмен қазақ жерінде тұңғыш рет өткелі жатқан ірі дода болғандықтан ба, ұйымдастырушылар тарапынан кейбір кемшіліктердің кездесіп жататыны жасырын емес», дей келе басылым тілшісі VII қысқы Азия ойындарымен байланысты көптеген кемшіліктер жөнінде жазады. Бұл мәселелер жөнінде толыққанды ақпарат алу үшін «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санындағы «Ақ Азиада дайындығы алаңдатады» атты мақаланы оқу қажет
Сондай-ақ басылымның бүгінгі санында «Жол ережесін бұзудан Жетпісбаевтың «Джипі» жеткізер емес» атты қызықты мақала жарияланыпты. Тілшінің сөзіне сенсек, шенеуніктердің қызмет көлігінің қымбаттығы жөнінен Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбаевтың «Lexus LX 570» көлігі көш бастап тұр және бұл туралы мәліметтер басылым бетінде бұрын да жарияланған. Ең қызығы оңтүстіктегі шенеуніктер мінген машиналардың ереже бұзуы жағынан да Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбаевтың мемлекеттік нөмірі «X 070 OK» көлігі тізімнің ең басында тұр. Оның ереже бұзған 22 оқиғасының екеуінде бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткен болса, қалған 20 жағдайда жылдамдықты шектен тыс асырған. Қаладағы №1 басшысының есер әрекеттері жөнінде басылымның осы нөмірінен оқуға болады.
***
«Қазақстандық туристердің елде қалуы үшін міндетті түрде көрші елде көтеріліс болуы керек емес. Қазақстандықтар жаз мезгілінде Ыстықкөлге барып демалуға тырысады. Алайда Ыстықкөлде мен де болғанмын. Ол жердің алып бара жатқан ештеңесі жоқ. Инфрақұрылымы дамымаған. Тіпті тамақ ішетін жердің өзін табу қиямет-қайым. Ондағы игілік тек таза ауа мен су ғана. Туристік фирмалар да ол жақты жақсы біледі. Бар болғаны осы ғана. Сондықтан еліміздің Туризм және спорт министрлігі елдегі курорттарды дамыту ісін қолға алғаны жөн», деген пікірін білдіріпті Мәжіліс депутаты Владимир Нехорошев «Литер» басылымына берген сұхбатында. Ал Қазақстандық туристер қауымдастығының директоры Рашида Шәйкенованың айтуынша, өткен жылы қаржы дағдарысының салдарынан туристер аса белсенділік таныта қоймады. Есесіне олар биылғы жылы ерекше белсенді және саяхатшылар мен демалушылардың көп бөлігі Алакөлге барып жатыр. Осы мәселеге байланысты өзге де сала мамандарының пікірін білгіңіз келсе, «Литердің» бүгінгі санындағы «В Кыргызстане - революция, в Тайланде - беспорядки. Что еще нужно произойти в мире чтобы казахстанцы проводили отпуск у себя дома» атты мақаланы оқыңыз.
***
«Астананың басшылары шаһардағы бала бақшалар санын жедел түрде көбейтуге бел буды. Осы жылдың соңына дейін қалада 7 бала бақша жұмыс істей бастайды», деп жазады «Известия». Елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың астанадағы бала бақшаларда болған кезінде көтерілген мәселелер жөнінде «Известияның» осы санындағы «Детсад станет доступнее» атты мақаладан білуге болады.