Қазақстанда туризмнің дамуына заңның тұрақсыздығы кедергі келтіруде - Қанатбек Сафинов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламентаризм институты ұйымдастырған дөңгелек үстел отырысына қатысушылар Қазақстандағы туризмді дамыту перспективаларын талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Іс-шараға Парламент Сенатының депутаттары, Экология және табиғи ресурстар, Мәдениет және спорт министрліктерінің, сарапшылар қауымдастығының, сондай-ақ бейінді ұйымдар мен кәсіпорындардың өкілдері қатысты.
Парламентаризм институтының директоры Қанатбек Сафинов Қазақстанда туризм саласының дамуына заңның тұрақсыздығы кедергі келтіріп отырғанын, оған бүгінгі күнге дейін 47 рет өзгеріс енгізілгенін атап өтті. Осыған байланысты ол туризм саласын, оның ішінде трофейлік аң аулауды жүргізу мүмкіндігі арқылы реттеудің балама тәсілдерін пайдалануды ұсынды.
«Мемлекет басшысы этнотуризмді, экологиялық және круиздік туризмді дамыту қажеттігін және осыған байланысты кәсіби кадрларды даярлау және қажетті көліктік-логистикалық инфрақұрылымды құру маңызды деп атаған», - деді Қ. Сафинов.
«Дөңгелек үстел» барысында мазмұнды және сындарлы диалог өтті. Барлық мүдделі тараптардың пікірлері тыңдалды. Бұл Парламентаризм институтының сарапшыларына депутаттар үшін заңнамалық сипаттағы объективті және сапалы ұсынымдар әзірлеуге мүмкіндік береді.