Қазақстанда түрік компаниялары 142 жобаны іске қосты
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту қажет деп санайды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
– Бұл салада нақты жетістіктеріміз бар. Осы кезге дейін қазақ-түрік іскерлік топтарының бірлескен күш-жігерінің арқасында жалпы құны 7,6 миллиард долларға тең 142 жоба жүзеге асты. Солардың қатарында тұрған YDA Holding компаниясын атап өткім келеді. Бұл компания елімізде көпсалалы өндіріс кешенін ашты. Сонымен қатар алюминий өндірісін жандандырып, медициналық бұйымдар шығарып жатыр. Ал Panelsan, Betek Boya кәсіпорындары құрылыс және химия өнеркәсібіне қатысты жобаларды жүзеге асыруда. Aksa Energy компаниясы Қызылорда облысында заманауи электр станциясын іске қосты. Бұл жобалар Қазақстанның өндірістік қуатын арттыруға септігін тигізері анық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, көлік-логистика саласындағы байланысты нығайту айрықша маңызды.
– Қазақстан – Қытай мен Еуропаны жалғап тұрған мемлекеттердің бірі. Қазір осы бағыттағы жүк тасымалының 85 пайызы біздің еліміз арқылы өтеді. Транскаспий халықаралық көлік бағыты, яғни, Орта дәліз, Қазақстанның тасымал саласындағы әлеуетін арттыруға оң ықпал етуде. Соңғы жылдары осы дәліз арқылы өткен жүк көлемі 5 еседен астам өсті. Былтыр контейнерлік жүк тасымалы 36 пайызға көбейді. Көп ұзамай бұл көрсеткішті 10 миллион тоннаға жеткізуді көздеп отырмыз. Біз транзиттік тасымал жүйесін тиімді үйлестіру үшін «Smart Cargo» бірыңғай цифрлық басқару платформасын әзірледік. Жалпы, Орта дәліздің мүмкіндігін арттыру баршамыздың мүддемізге сай келеді. Сондықтан түрік тарапына «e-permit» жобасын бірге жүзеге асыруды ұсынамыз. Бұл жоба жүк рәсімдерін электронды түрде, яғни, мейлінше ашық жүргізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ әкімшілік шығындарды азайтады. «Орта дәліз» жобасын «Трамптың халықаралық бейбітшілік және өркендеу жолы» (TRIPP) бастамасымен ұштастыру маңызды деп санаймын. Бұдан бөлек, түрік кәсіпкерлері еліміздің әуежай инфрақұрылымына қомақты инвестиция салғанын ерекше атап өткен жөн. Қазір TAV Holding компаниясы Алматыдағы халықаралық терминалды жаңғыртуда. Ал S Sistem Lojistik компаниясы Ақтөбе әуежайында логистика орталығын салуды жоспарлап отыр. Бұл жобалар Қазақстандағы әуе тасымалының әлеуетін арттыруға жол ашады, – деді Мемлекет басшысы.
Айта кетелік Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған Қазақстан-Түркия бизнес форумына қатысты.