Қазақстанда түркінің жауынгерлік спорт түрі - «Алпағұт» жанданатын болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада Ұлы Даланың «Алпағұт» атты жаңа әскери спорт түрінің құрылуына орай дөңгелек үстел отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталмыш спорт түрінің жандануына түркі халықтарының ұлттық спортына ден қойып жүрген Ынтымақ Құлтасов, Васиб Намазов, Аманжол Түберов, Әліби Айтқалиев секілді азаматтар күш салып жүр. Бүгінгі дөңгелек үстелге сондай-ақ Қырғыз Республикасынан да арнайы меймандар келген.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Алпағұт» спорт түрі біздің дәуірімізге дейін ІІ-ІІІ ғасырларда құрылған. Жиынды жүргізген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Ұлы дала қырандары» республикалық әлеуметтік-мәдени қозғалысының тең төрағасы Сәдібек Түгел ұлттық спорт түрін жандандыру керектігін атап өтті.
«Бүгінгі жиынның мақсаты - ежелгі ер түркінің жауынгерлік спорт түрі «Алпағұттың» дамуы, өсуі мен өркендеуін айқындау. Жалпы, қазіргі кезде әлемдік күн тәртібінде түркі халықтарының ынтымақтастығына ерекше мән беріліп отыр. Бұны біз Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарындағы Ыстықкөл саммитінде анық байқадық. Сонда түркітілдес елдердің 7 мемлекетінің басшылары келіп, осы туралы арнайы декларация қабылдап, сол декларацияда түркі тілдес елдердің ұлттық спорт түрлерін дамыту туралы құжат қабылданды. Міне, бүгінгі «Алпағұт» спортының жандандыру жұмысы осымен тұспа-тұс келіп отырғанына қуаныштымыз», - деді ол.
Сәдібек Түгел атап өткендей, бүгінгі жиында үш мәселе, атап айтқанда «Алпағұттың» Қазақстандағы дамуы, құрылуы мен оның болашағы, «Алпағұттан» Азия Федерациясын құру және 2019 жылы Астанада «Алпағұттан» Шыңғысхан Кубогын өткізу мәселесі қаралады.
Дөңгелек үстел барысында ҚР «Алпағұт» түркі спорты федерациясының президенті Ынтымақ Құлтасов «Алпағұттың» қандай спорт түрі екенін айтып берді.
«Алпағұт» жекпе-жегінің түркі әлеміне маңызы өте зор. Бұл спорттың төрт жүйесі бар: олар «Айпара», «Бату», «Жаймас» және «Гураш». «Айпара» - каратэге ұқсас. Ал «Бату» ол - К1, яғни кикбоксқа ұқсайды. Одан кейін «Жаймас» деген каратэ мен қоян-қолтық жекпе-жектің қосындысы, ал «Гураш» деген - ММА спорт түріне ұқсас жекпе-жектің түрі. «Алпағұттан» осындай спорттың төрт түрі бойынша жарыс өткіземіз. Былтыр қараша айында «Алпағұттан» жарыс өтіп, біздің жекпе-жекті жақсы игерген 11 спортшымыздың сегізі орын алды. Сонда келген мемлекеттердің ішінде Қазақстан командалық құрамда екінші орынды иеленді», - дейді Ынтымақ Құлтасов.
Қазақстан және Қырғыз Республикасының ұлттық спортты қолдаушы тараптары қазіргі уақытта «Алпағұттың» жарқын келешегін талқылап жатыр. Жиын қорытындысы бойынша «Алпағұттан» Азия федерациясы құрылмақ.
Фото: alpagutfederation.org/