Қазақстанда түрмеден босаған тұлғаларды жұмысқа орналастыруда жүйелі жұмыстар жүргізілмейді - С.Мектепбаева

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда түрмеден босаған тұлғаларды жұмысқа орналастыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп отырған жоқ. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Халықаралық түрме реформасы ұйымының Орталық Азия аймақтық директоры Сәуле Мектепбаева айтты.

Қазақстанда түрмеден босаған тұлғаларды жұмысқа орналастыруда жүйелі жұмыстар жүргізілмейді - С.Мектепбаева

«Бас бостандығынан айыру орнынан босаған тұлғаларға арнайы жұмыс орны квотасы бекітілген. Ол квота 5 пайызды құрайды. Дегенмен әрбір облыс әртүрлі бекітеді. Ал бізге өңірлерде кездескен бекітілген квота шамамен 2 пайызды ғана құрайды»,- деді ол БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Оның атап өтуінше, қазіргі таңда бірқатар үкіметтік емес ұйым түрмеден бостандыққа шыққан тұлғаларды жұмысқа орналастыру мәселелерімен айналысуда.

«Бұл бағытта жұмыс істеп, бас бостандығынан айыру орнынан шыққан тұлғаларға қолдау көрсететін үкіметтік емес ұйымдар бар. Дегенмен,бұл қолдаудың қаншалықты жүйелі жүргізілетіндігі бөлек мәселе. Өкінішке орай, бұл бағыттағы қоғамдық ұйымдардың жұмысына қолдау болатын мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жоқ», - деді С.Мектепбаева.