Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының қорғалуы әлсіреді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаңа қылмыстық кодекс енгізілгеннен бері тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының қорғалуы әлсіреді. Бұл турал бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде қылмыстық-процестік заңнаманы одан әрі жаңғырту тақырыбындағы парламенттік тыңдауда ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Осы ретте ол жаңа заңнаманың кемшіліктерінің бірі ретінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы мәселеге тоқталды.
«Біз бұл бағытта ең тиімді қадамдарды жасағымыз келді. Соққыға жығу әкімшілік құқық бұзушылықтан Қылмыстық кодекске ауыстырылды. Осы ретте жазаны қатаңдатамыз деп ойладық, алайда зорлық-зомбылық құрбандарының қорғалуы әлсіреп қалды»,-деді Бас прокурор.
Өз кезегінде тілшілерге берген сұхбатында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов бүгінде тұрмыстық қылмыстар бойынша тәжірибе жүзінде жақсы атқарылған көптеген дағдылар мыңызын жойып алғанын жеткізді.
«Себебі, отбасындағы соққыға жығу, ұрыс-керіс қылмыстық теріс қылыққа ауыстырылды. Яғни, кез келген жанжал мен оқиға сот инстанцияларына көшірілді. Енді жәбірленуші өз күшімен кінәлінің айыбын дәлелдеуі тиіс. Полиция бұл мәселеде тысқары қалып қойды. Бұл ретте тұрмыстық қылмыстар, сонымен қатар тұрмыстық тұрғыда адам өлтіру деңгейінің өсімі орын алды»,-деді министр.
Осы орайда Қасымов жаңа заңнамаға сәйкес, отбасында жанжалқой адамдарды үш сағаттан артық ұстауға болмайтынын атап өтті.
«Үш сағаттың ішінде ол ішімдіктен айығып та үлгермейді. Босатқаннан кейін де ол үйіне барып, жанжалды жалғастырады. Бұл тұрғыда тәжірибе жүзінде кемшілік бар»,-деді ҚР ІІМ басшысы.