Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес министрліктердің жоспарларына енуі мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда тұрмыстық  зорлық-зомбылықпен күрес мәселелерін министрліктердің стратегиялық жоспарларына енгізу ұсынылып отыр.
None
None

Бұл туралы елордада «Орталық Азия әйелдерінің дауысы» атты IV конференциясында ҚР Бас прокурорының аға көмекшісі Салтанат Тұрсынбекова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біріншіден, бұл бағыттағы шараларды неден бастауымыз керек? Біз бұл тұрғыда тиісті талдау жүргіздік, яғни министрліктердің стратегиялық жоспарлауында тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері ескерілмеген. Атап айтқанда, осы зорлық-зомбылық мәселелері бойынша әрбір орган қызметінің тиімділігін бағалау тұрғысында министрліктерге индикаторларды енгізбесек немесе әкімдіктерде аумақтарды дамыту жоспарларында тиісті индикаторларды ескермесек, ештеңе де өзгермейді. Осы орайда әрбір өкілетті орган алдын алу шараларының субъектісі екенін түсінуіміз керек. Сонымен қатар профилактиканың барлық субъектілері дұрыс айқындалуы тиіс. 2009 жылдағы заңнамада білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау министрліктері профилактиканың субъектілері қатарына енген, алайда алдын алу шараларын жүргізуде олардың рөлі жазылмаған»,-дейді Тұрсынбекова.

Оның сөзіне қарағанда, бұл ведомстволар үнемі халықпен тығыз байланыста болғандықтан, профилактика мәселелері олардың міндетіне жүктелуі керек. Мәдениет және спорт, Әділет министрліктері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы субъектілерінің қатарына енбей қалған, дегенмен осы ведомстволар бірінші кезекте бұл тізімде болуы тиіс.

Конференция барысында белгілі болғандай, жыл сайын Орталық Азия елдері дағдарыс орталықтарының телефондарына 70 мыңнан астам қоңырау шалынады екен. Сонымен қатар балалары бар 23 мыңға жуық әйел осы орталықтар арқылы пана тапса, 93 мыңнан астам адам психологтар мен заңгерлердің көмегіне жүгіріп, әлеуметтік сүйемелге ие болады.

Соңғы жаңалықтар