Қазақстанда тұтынушылық несие алу көбейген

Олжас Қизатов
Фото: primeminister.kz

Жыл басынан бері экономикаға берілген кредиттер 15,3%-ға ұлғайып, 26,3 трлн теңгеге жетті. Бұл жөнінде ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов айтты, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

«Жеке тұлғаларға берілген кредиттер 22,4%-ға өсті. Олар негізінен тұтынушылық кредиттердің 25,4%-ға және ипотекалық кредиттердің 11,8%-ға ұлғаюы есебінен өсті», - деді О. Қизатов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Спикердің айтуынша, бизнеске берілген кредиттер шағын және орта бизнес кредиттерінің өсуі есебінен 14,9% ұлғайып, 10,4 трлн теңгеге жеткен.

«Биыл еліміздің барлық өңірлерінде экономикаға несие берудің өскенін атап өту қажет. Жыл басынан бері Алматы облысында 54,9%, Ұлытау облысында – 35,8%, Түркістан облысында – 31,6%, Абай облысында – 28,3%, Маңғыстау облысында – 27,4%, Жамбыл облысында – 22,5%, Қызылорда облысында – 20,1% айтарлықтай өсу байқалады. Бұл ретте берілген кредиттер негізінен республикалық маңызы бар қалаларда шоғырланған: Алматы – 42,2%, Астана – 13,6%, Шымкент – 5,7%», - деді агенттік өкілі.

Салалар бойынша экономикаға кредит берудің едәуір үлесі өнеркәсіпке – 11,5% және саудаға – 10,2% тиесілі. Жыл басынан бері салалар бойынша кредиттер құрылымының елеулі өзгеруі байқалмайды.

Айта кетейік, Қазақстанда екінші деңгейдегі 21 банк жұмыс істейді. Жыл басынан бері олар 1,8 трлн теңге мөлшерінде пайда тапқан.

 

Соңғы жаңалықтар