Қазақстанда тұтынушылардың коммуналдық берешегі 13 млрд теңгеге жетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек ел аумағында жылу беру маусымына дайындық барысын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Алдымыздағы жылыту маусымына дайындалу мақсатында Министрлік 2017-2018 жылдарға арналған жұмыс жоспарын бекітті.  Оған сәйкес облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктері ағымдағы жылдың 15 қазанына дейін барлық нысандардың, оның ішінде автономдық қазандықтар мен инженерлік жүйелердің дайындығын толық аяқтауы, сондай-ақ автономдық жылу көздерін нормативтік отын қорымен қамтамасыз етуі қажет», - деп тоқталды ведомство басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, 43 572 тұрғын үйдің 38 433-і немесе 88,2 пайызы жөнделді. Тұрғын үйлерді жөндеу бойынша Атырау, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарында дайындық орта республикалық көрсеткіштен (88%-ға) төмен.  Әкімдіктер мәліметінше, олар қыркүйек айында бұл жұмыстарды толықтай аяқтауы тиіс

Жылу көздеріне тоқталған министр, жергілікті атқарушы органдармен 10 326 автономдық қазандықарды жөндеуді жоспарлаған, оның ішінде 9 736 қазандық (94,3%) жөнделгенін жеткізді. Басқа өңірлермен салыстырғанда, Астана қаласында (83,3%), Алматы  (84,6%) және Қарағанды облыстарында (90,1%) жұмыс қарқыны төмен екені байқалады.

Жылу жүйелерін дайындау аясында ағымдағы жылдың жоспарланған 2 113 шақырым жылу желілерінен 2 000 шақырымы немесе 94,7 пайызы жөнделді (жылу жүйелерінің барлығы - 12,2 мың шақырым).

«Ағымдағы кезеңге Ақмола, Алматы, Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарының жылу жүйелерінің дайындығы 85 пайыздан төмен», - деді Ж. Қасымбек.

Министрдің айтуынша,  алдағы жылыту маусымында дербес қазандықтарға отын қажеттілігі  1 млн  227 мың тонна көмірді және 122 мың тонна мазутты құрайды. Бүгінгі күні 1 млн 70 мың тонна көмір (87,2%) және 63,6 мың тонна мазут (52%) дайындалды.

Бұдан бөлек ведомство басшысы тұрғындардың дебиторлық қарызы жайында мәліметтерді баяндады

«2017 жылғы тамыз айындағы жағдай бойынша тұтынушылардың коммуналдық қызметтер үшін берешегі 13 млрд  теңгені құрайды. Ең көп дебиторлық берешек мынадай өңірлерде сақталып отыр: Алматы қаласы - 3 млрд  теңге; Маңғыстау облысы - 1 млрд 894 млн теңге; Павлодар облысы - 858 млн теңге; ОҚО - 3 млрд 702 млн теңге», - деді Қасымбек.

Соңғы жаңалықтар