Қазақстанда ҰҚШҰ ұжымдық күштерінің оқу-жаттығуын өткізу жоспарланған

МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Мәскеудегі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының дағдарысқа ден қою орталығында ҰҚШҰ Біріккен штабының баспасөз конференциясы өтті, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Қазақстанда ҰҚШҰ ұжымдық күштерінің оқу-жаттығуын өткізу жоспарланған

Конференция онлайн түрде өтті. Оған аталған ұйымға мүше елдердің қорғаныс ведомстволары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Біріккен штабының бастығы генерал-полковник Анатолий Сидоров ұйымның жауапкершілік аймағындағы: Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия аймақтарындағы әскери-саяси ахуалға баға берді.

Баспасөз конференциясында ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын басқару органдары мен құралымдарының өткен жылғы бірлескен дайындығының қорытындысы шығарылды.

Негізгі күш-жігер ҰҚШҰ әскерлерін (ұжымдық күштерді) басқару жүйесі мен күштерін қолдану және оларды іске асырудағы шешімдерді қабылдау тетіктерін жетілдіруге бағытталғаны атап өтілді.

2022 жылы Қазақстанда «Эшелон» материалдық-техникалық қамтамасыз ету күштері мен құралдарының арнайы оқу-жаттығуын, «Іздеу» барлау күштері мен құралдарының арнайы оқу-жаттығуын және ҰҚШҰ жедел ден қою ұжымдық күштерінің «Өзара іс-қимыл» бірлескен оқу-жаттығуын өткізу жоспарлануда.

Баспасөз конференциясының соңында ҰҚШҰ Біріккен штабының бастығы генерал-полковник Анатолий Сидоров ҰҚШҰ-ға мүше елдердің бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.