Қазақстанда ұлттар театры құрылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық театрлардың шығармашылық әлеуетін арттырып, ел мәдениетінің үйлесімділігін өзара байыту мақсатында «Қазақстан халқы Ассамблеясының әлеуметтік консорциумы» қоғамдық қоры «Қазақстанның ұлттар театрын» құрды.
Жаңа жобаның қызметі мен мақсаттары туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Қазақ әуендері» АҚ президенті Асхат Маемиров, Қазақстан ұлттар театрының жетекшісі Любовь Ли, драматург Дулат Исабеков, «Жастар» театрының көркемдік жетекшісі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай және М. Горький атындағы Мемлекеттік орыс драма театры академиясының актері Людмила Крючкова баяндап берді, деп хабарланған Орталық коммуникациялар қызметінің сайтында. Қазақстанда қазақ, орыс, корей, ұйғыр және неміс театрлары бар. Алайда әрбір театр өздерінің ғана ұлттарына қатысты қойылымдар қояды. Ал жаңадан құрылған «Қазақстан ұлттары театры» елімізде мекен етіп жатқан барлық ұлт өкілдеріне жаңа қойлымдарды ұсынатын болады. Бұл бағытта қазақстандық драматургтердің бұрынғы не арнайы жазылған пьесалары қойылады. Ал қойылымдарды сахна төріне шығару үшін белгілі, сондай-ақ заманауи көзқарасқа сай жас талантты режиссерлер тартылады. «Қазақстанның ұлттар театрында» қойылымдар көрермен назарына бірден бірнеше тілде ұсынылады. Мұндай тәжірибе елімізде алғаш рет қолға алынып отыр. Айта кетейік, театр көрермендеріне алғашқы қойылымы ретінде белгілі жазушы және драматург Дулат Исабековтың жазған «Бақыт құсы» пьесасы ұсынуға дайындалып жатыр. Қойылымда «Жастар» театрының, М. Горький атындағы мемлекеттік драма театры академиясының, Мемлекеттік республикалық корей музыкалық комедия театры және К.Кужамьяров атындағы мемлекеттік республикалық ұйғыр музыкалық комедия театрларының актерлері өнер көрсетеді.