Қазақстанда ұлттық құрамаларды даярлауға 20 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді – министр
АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылы жоғары жетістіктер спорты бойынша ұлттық құрамаларды даярлауға 20 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Бұл қаражат жазғы және қысқы Олимпиада бағдарламасына енген спорт түрлері бойынша оқу-жаттығу жиындары мен халықаралық жарыстарға қатысуға жұмсалады.
Министрдің айтуынша, аталған қаржы Спортты дамыту дирекциясы арқылы жоғары жетістіктер спорты бағытында бөлінеді.
– Жоғары жетістіктер спорты бойынша Спортты дамыту дирекциясы аясында жазғы және қысқы Олимпиада бағдарламасына енген барлық спорт түрлеріне жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарын өткізу үшін 20 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған, – деді Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында журналистердің сұрағына жауап бере отырып мәлімдеді.
Сонымен қатар министр ұлттық құрамаларды даярлау тек жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастырумен шектелмейтінін атап өтті.
Спортшылардың дайындығына ғылыми топтар мен Ғылыми-әдістемелік орталықтың жұмысы, тамақтану, қалпына келтіру шаралары, сондай-ақ Спорттық медицина және оңалту орталығының қызметі кіреді.
Бұдан бөлек, өңірлер де өз спортшыларын даярлауға бюджеттен қаражат бөледі.
Айта кетейік, Қазақстан 2027 жылы бес спорт түрінен әлем чемпионатын өткізеді.