Қазақстанда ұлттық өнерді насихаттайтын жаңа жоба түсіріліп жатыр – Ерлан Қарин
АСТАНА. KAZINFORM- Қазақстанда ұлттық өнерді дәріптеп, насихаттауға арналған жаңа жобаның түсірілімі басталды. Оған белгілі күйшілер, музыкатанушы ғалымдар және ұлттық өнер тарихын зерттейтін сарапшылар шақырылды. Бұл туралы ҚР Вице-президенті Ерлан Қарин өзінің Instagram парақшасына жазды.
24 қазанда өткен Идеологиялық кеңес отырысында Президент тапсырмаларының орындалу барысы жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар Ерлан Қарин отандық дизайнерлермен кездесіп, ұлттық айдентиканы дамыту жөнінде пікір алмасты.
-Жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысы бұған дейін осы бағыт бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Кездесу барысында қойылған міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған Қазақстандық қоғамдық даму институтының жаңа жобалары таныстырылды, — деп жазды Ерлан Қарин.
Бұдан бөлек, Қазақстан Вице-Президенті ұлттық өнерді дәріптеп, насихаттауға арналған жаңа жобаның түсірілім алаңына барды.
- Оған еліміздің белгілі күйшілері, музыкатанушы ғалымдар, ұлттық өнердің тарихымен айналысатын сарапшы-мамандар шақырылған. Түсірілім жұмыстары кеше басталды. Тағы бірнеше күнге созылады. Бұл жоба жөнінде алдағы күндері кеңірек айтатын боламын, — деді Ерлан Қарин.
Бұған дейін Ерлан Қарин Қазақстанның ішкі саясатындағы негізгі үш басымдықты атады.