Қазақстанда ұлттық би академиясына іріктеу басталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде қазақ ұлттық би академиясына дарынды балаларды іріктеу басталды, деп хабарлады www.24.kz.
Бұл көпсатылы кәсіби хореографиялық білім беруге арналған Орталық Азиядағы тұңғыш өнер ордасы болмақ. Астанада орналасатын өнер ошағы осы жылдың күзінде жұмысын бастамақ. Балалар мұнда жалпы біліммен қатар, балет пен би ансамблі, хореография режиссері, би педагогы мен өнертанушы мамандығын игереді. Іріктеуден өткізетін қазылардың айтуынша, баланың биге деген икемі мен пластикалық қабілеттеріне баса назар аударылады.
"Теректі, Бөрлі, Зеленов, Тасқала аудандарында болып қайттық. Оның мақсаты 2-4-сыныптағы дарынды ұл-қыздарды іріктеу болатын. Бұл жерде міндетті түрде биге қатысып жүрген балаларды алмаймыз, ауылдағы дарынды балалар да бұл іріктеуден өте алады", - деді облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының жетекші маманы Батырхан Қайыров.