Қазақстанда ұлттық дәрілік формуляр ресми түрде бекітілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда бұған дейін пилотты режимде жұмыс істеп келген ұлттық дәрілік формуляр (ҚҰФ) ресми түрде іске қосылды. Тиісті бұйрыққа денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова қол қойды. Бұл туралы Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының баспасөз қызметі хабарлады.
Осылайша, Қазақстан ТМД елдерінің арасында мұндай ақпараттық ресурсты іске қосқан алғашқы республика болып отыр. ҚҰФ-ты жасақтау барысында фармокотерапия саласындағы озық әлемдік тәжірибе басшылыққа алынды.
ҚҰФ дәрілік көмектің азаматтардың әлеуметтік жағдайы мен табысына қарамастан бәріне бірдей қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Себебі мұнда дәрі-дәрмектердің шекті бағалары көрсетілген. Формуляр жүйелі түрде жаңартылып отыратындықтан, медициналық қызметкерлерге дәрі-дәрмек түрлері, оларды қолдану тәжірибесі туралы жаңа мағлұматтар алып, фармацевтика саласындағы білімін жетілдіріп отыруға мүмкіндік береді.
Ұлттық формулярды қалың жұртшылық та www.knf.kz сайты арқылы орыс және қазақ тілдерінде онлайн-режимде қолдана алады. ҚҰФ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған жүйе бойынша құрылған. Препарат туралы ең қажетті ақпараттың бәрі бір бетте жинақталған. Ал қажет болған жағдайда, сілтемені ашып, кеңірек мағлұмат алуға болады. Кері байланыс жүйесі арқылы сайтты қолданушылар өз пікірлері мен ұсыныстарын қалдыра алады.
Жоба 2015 жылдың соңында еліміздің тұрғындарына ұсынылып отырған дәрілердің сапасы, қауіпсіздігі мен қолжетімділігі мәселелерін шешу мақсатында қолға алынған болатын. Оған ҚР ДСӘДМ Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті ұйытқы болған. ҚҰФ-ды жасақтауға шет елдердің тәжірибелі фармакологтары тартылды. Қазақстандық ұлттық формулярды мамандарға және қалың көпшілікке таныстырып, қолданыс аясын кеңейту мақсатында Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы еліміздің аймақтарында семинарлар өткізуді жоспарлап отыр.