Қазақстанда ұлттық орган-транзиттік оператор құрылуы тиіс - «Amanat invest Group» өкілі
АЛМАТЫ. Сәуірдің 28-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Қазақстанда стратегиялық мақсаттағы ұлттық орган-транзиттік оператор құрылуы тиіс. Бүгін Қазақстандық баспасөз клубында 2008 жылдың қорытындысын жария еткен «Amanat invest Group» компаниялар тобының коммерциялық директоры
Николай Каширин осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Н.Кашириннің айтуынша, құрылатын ұлттық орган «Самұрық-Қазына» құрамына кіріп, барлық көлік активтері мен жобаларды біртұтас тиімді басқару, реттеу, бақылау қызметін атқарар еді. «Бұл органның қызмет етуіндегі негізгі мәні - Еуразиялық құрлықтағы аймақаралық қатынасты Қазақстан арқылы өткізу үрдісін қалыптастыру, дамыту. Бұл бағытта «Транзит туралы» заң қабылданып, бұл заң негізінде арнайы жүйе құрылуы тиіс. Қазақстанның транзиттік әлеуеті мол, біздің сараптама бойынша жылына бұл саладан 2 миллиард доллардан астам пайда табуға болады», - дейді Н.Каширин.Ол бұл бағытта «Amanat invest Group» компаниялар тобының қызметін мысалға алды. Компанияның өткен жылы тұтынушылары 3 есе көбейіп, сату қызметі 2 есеге артқан. Ал көліктік тасымалдау қызметі 80 пайызға өскен.