Қазақстанда ҰОС ардагерлеріне қиын жағдайда көмек шақыратын дабыл құрылғылары таратылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне қиын жағдайда көмек шақыратын дабыл құрылғылары таратылады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингке Республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев мәлім етті.
None
None

Естеріңізге сала кетейік, «Самұрық-Қазына» АҚ мен Республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі 2015 жылы Ұлы Отан соғысының 70 жылдығын тойлау қарсаңындағы дайындық жұмыстары аясында Әріптестік туралы меморандумға қол қойды.

«Бүгін осы меморандум бойынша жаңа акцияны іске асырғалы отырмыз. Бұл акцияны біз «Жеңіс» деп атадық. Осы шара жетпіс жылдықтан кейін де ардагерлерді қамқорлыққа алып, оларға қажетті қолдау көрсететін ұйым болғалы отыр», - деді ол.

Кеңес төрағасының сөзіне қарағанда, осы акция аясында ардагерлерге « дабыл түймесі» таратылады. «Яғни, үйде жалғыз қалған, қараушысы жоқ ардагерлер қиын жағдайға түскен кезде қолындағы білезікті немесе мойнындағы алқа түріндегі құрылғының түймесін басса, орталық диспетчерлік пунктке хабар түседі. Сол кезде бұл ардагер туралы толық ақпарат шығарылып, қарттарға дереу жедел-жәрдем машинасы немесе басқа да көмек түрлері барады», - деді Ө. Озғанбаев.

Белгілі болғандай, ардагерлерді аталған дабыл құрылғысымен жабдықтауға тиісті қаржы бөлінді. Осы аптаның жұма күнінде бұл құрылғылар қарттарға таратыла бастайды. Жалпы барлық ардагерлер биылғы жылғы сәуірдің аяғына дейін бұл құрылғылармен толық жабдықталады.

«Біздің елімізде үлкен шараға дайындық жүріп жатыр. Ол биылғы кең ауқымды түрде аталып өтілетін Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мерекесі. Бұл жеңісті жақындату үшін біздің бабаларымыз, әкелеріміз, ағаларымыз бүкіл өмірін сарп етті, жанын аяған жоқ, соның нәтижесінде біз бүгін бейбіт аспан астында жетпіс жылдан бері өмір сүріп жатырмыз. Бүгінгі ұрпақ осы аталары мен әкелерінің еңбегіне лайықты бағасын беру үшін елімізде алуан түрлі, ауқымды кең көлемде жұмыстар жүріп жатыр», - деді Ө. Озғанбаев.

Осы орайда Орталық кеңесінің төрағасы осы шаралардың ең бастысы өткен жылдың соңында өткен Елбасының арнайы әрбір ардагерді құттықтауы екенін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар