Қазақстанда USAID климаттың өзгеруін бір қалыпта ұстау жөніндегі бағдарламаның таныстырылымы болды

АСТАНА. 23 қаңтар. ҚазАқпарат - Климаттың өзгеруі проблемасы - жаһандық мәселе және оны шешу үшін кешенді шаралар қолдану керек.

Қазақстанда USAID климаттың өзгеруін бір қалыпта ұстау жөніндегі бағдарламаның таныстырылымы болды

Климаттың өзгеруін бір қалыпта ұстау жөніндегі қазақстандық бағдарлама осындай шаралардың бірі деп айтуға болады.

Бұл туралы бүгін Астана қаласында ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі мен Америкалық Халықаралық даму жөніндегі агенттігінің (USAID) климаттың өзгеруін бір қалыпта ұстау жөніндегі қазақстандық бағдарламасының тұсаукесерінде Төмен көміртектік даму департаментінің директоры Гүлмира Серғазина айтты.

«Климаттың өзгеруін бір қалыпта ұстау жөніндегі бағдарлама Қазақстан Республикасы Үкіметінің төмен көміртектік даму және «жасыл» экономикаға көшу мақсаттарын жүзеге асыру бойынша жүргізіп жатқан іс-шараларын қолдауға бағытталған», - деді Г. Серғазина.

Оның айтуынша, Бағдарлама аясында үш негізгі міндет орындалмақ.

Біріншіден, Қазақстан Республикасы Үкіметінің парниктік газдарды (ПГ) төмендетуге бағытталған саясаты мен шараларын іске асыру және қамтамасыз ету жөніндегі мүмкіндіктерін кеңейту. Қазақстанда ПГ шығарындыларына квоталарды сату жүйесін дамыту мен іске асыру шараларын қолдау. Құрылып жатқан сауда жүйесін реттейтін құралдар мен рәсімдерді дайындау. Бағдарлама реттеуші органдар мен реттеу жүйесі қамтитын кәсіпорындардың арасында нәтижелі диалог құруға көмектеседі;

Екіншіден, бизнес өкілдерінің ПГ көлемдерін өлшеу, есеп беру және верификациялау (анықтап тексеру) бойынша корпоративтік басқаруын жақсарту арқылы ПГ шығарылымдарын азайту мен өнімділігін арттыру ісіндегі әлеуетін қалыптастыру. Бағдарлама бизнес-құрылымдарға энергия үнемдеу және ПГ шығарылымдарын азайту шараларын дамытып орындауға, сондай-ақ, верификаторлар мен аудит өткізетін ұйымдардың әлеуетін күшейтуге көмектеседі;

Үшіншіден, қазақстандық мамандардың энергияны үнемдеу және климаттың өзгеруі салаларындағы кәсіби білімдерін оқыту семинарларын өткізу және кәсіби оқу орталықтарына оқыту бағдарламаларын берудің көмегімен жоғарылату.