Қазақстанда үш айда 1,37 миллион TikTok видеосы жойылды
АСТАНА. KAZINFORM — TikTok платформасы 2026 жылдың екінші тоқсанында Қазақстанда Қауымдастық ережелерін бұзған 1,37 миллионнан астам бейнероликті жойды. Олардың 99,6 пайызы пайдаланушылар шағым түсірмей тұрып анықталып, өшірілген. Бұл туралы компанияның Қауымдастық ережелерінің сақталуы жөніндегі есебінде айтылған.
Есепте биыл сәуір мен маусым аралығында платформаның қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарған жұмыстары қамтылған. Дерекке сүйенсек, Қазақстанда ереже бұзған бейнероликтердің 92,1 пайызы жарияланғаннан кейінгі алғашқы 24 сағат ішінде жойылған.
Ал әлем бойынша осы кезеңде TikTok 188 миллионнан астам бейнероликті өшірген. Олардың 99,5 пайызы пайдаланушылардан шағым түспей тұрып анықталған. Компания бұл көрсеткішті платформа тарихындағы ең жоғары нәтиже деп атап отыр. Ереже бұзған контенттің 92,7 пайызы жарияланғаннан кейінгі алғашқы тәулікте жойылған.
Модерация жұмысында жасанды интеллект пен автоматтандырылған жүйелердің үлесі артып келеді. Есеп бойынша, әлемде ереже бұзған бейнероликтердің 97,4 пайызы автоматтандырылған құралдардың көмегімен анықталып, жойылған. Бұл да платформа іске қосылғалы бергі ең жоғары көрсеткіш.
Сонымен қатар контентті тексеруге қауіпсіздік мамандары да қатысады. Олар күрделі әрі даулы жағдайларды, соның ішінде пайдаланушылар шағымданған материалдарды қарайды. Ереже бұзушылық расталған жағдайда, аккаунт иесіне тиісті хабарлама жіберіледі.
Платформа жалған аккаунттар мен қолдан жасалған белсенділікке қарсы шараларды да күшейткен. 2026 жылдың екінші тоқсанында әлем бойынша 352 миллионнан астам жалған аккаунттың ашылуына жол берілмеген. Бұдан бөлек, жасанды түрде көбейтілген 6,2 миллиардтан астам лайк, 2,7 миллиард жалған жазылушы және жалған аккаунттар жариялаған 190 миллион пікір жойылған.
Сондай-ақ жазылушылар санын қолдан көбейтуге бағытталған 7,5 миллиардтан астам әрекеттің жолы кесілген.
Айта кетейік, TikTok Қауымдастық ережелерінің сақталуы туралы есепті тұрақты түрде жариялап отырады. Компания мұны платформаның ашықтығын қамтамасыз ету және пайдаланушылардың қауіпсіз цифрлық ортада контент жасап, өзара байланысуына жағдай жасау бағытындағы жұмыстың бір бөлігі ретінде түсіндіреді.
Бұған дейін биыл 10 айда интернет кеңістігінде балағат сөздер мен балаларға зиянды ақпараттардың 592 фактісі анықталғаны туралы жазған едік.