Қазақстанда үш тілде дипломатиялық сөздіктер жарыққа шықты

АСТАНА. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада ҚР Сыртқы істер министрлігі қазақша-ағылшынша-орысша және орысша-қазақша-ағылшынша дипломатиялық сөздіктерінің тұсаукесерін өткізді.

Қазақстанда үш тілде дипломатиялық сөздіктер жарыққа шықты

Сыртқы істер вице-министрі Қайрат Сарыбайдың атап өткеніндей, аталмыш сөздіктер 2004 пен 2006 жылдары жарыққа шыққан қазақша-орысша анықтамалық сөздігінің негізінде жасалған. Кітапқа дипломатия, қазіргі заманғы сыртқы саясат және халықаралық қарым-қатынастарға қатысты терминдер мен сөз тіркестері еніп отыр. Сөздіктер дипломаттар, оқытушылар мен студентер үшін таптырмас көмекші құралы болмақ. Оны құрастыруға кәсіби сарапшылар тартылды. Жобаны вице-министрдің өзі басқарды.

«Ең бастысы мұнда елдер мен олардың астаналарының жазылу нормалары біріздендірілді. Біздің қызметте дипломатиялық сөздіктердің жетіспей тұрған тұстарын осы еңбек толтыратын болады», - деді Қ.Сарыбай.

Оның айтуынша, аталмыш сөздіктерді өзге тілдерде де шығару көзделуде.