Қазақстанда үш-үштен Абай, Есіл және Жамбыл, екі-екіден Алматы мен Ақтоғай ауданы бар

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде үш Абай, үш Есіл, үш Жамбыл және екі Алматы мен екі Ақтоғай ауданы бар. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы осындай мәлімет жариялады. ҚазАқпарат осы елді мекендер туралы ақпаратты жинақтап шықты.

Қазақстанда үш-үштен Абай, Есіл және Жамбыл, екі-екіден Алматы мен Ақтоғай ауданы бар

Үш Абай ауданы

Алғаш құрылған Абай ауданы бүгіннен бастап Абай облысы (бұған дейін Шығыс Қазақстан облысы) құрамында. Бұрынғы Семей облысының батыс бөлігінде 1928 жылы 3 қыркүйекте құрылған. Аумағы – 20 мың км². Орталығы – Қарауыл селосы.

Екінші Абай ауданы — Қарағанды облысының орталық бөлігіндегі әкімшілік бөлініс. 1973 жылы құрылған. Алғашында «Мичурин ауданы» болып, 1997 жылдан Абай ауданы аталады. Аумағы – 6,5 мың км². Орталығы – Абай қаласы.

Үшінші Абай ауданы Шымкент қаласының батыс бөлігінде орналасқан. Аумағы – 49 704 га. 1973 жылы 10 сәуірде құрылып, 1996 жылы таратылып, 2004 жылы қайта құрылған.

Үш Есіл ауданы

Есiл ауданы — Солтүстік Қазақстан облысының оңтүстік-батыс бөлігіндегі әкімшілік аудан. 1997 жылдың 17 сәуіріне дейін Ленин, содан кейін Мәскеу ауданы аталып келді. Аумағы – 5,14 мың км². Орталығы — Явленка ауылы.

Ақмола облысының батысында да Есіл ауданы бар. 1936 жылы құрылған. Аумағы – 8,0 мың км². Орталығы — Есіл қаласы.

Үшінші Есіл ауданы елордада. 2008 жылдың 5 тамызында құрылды. Аумағы – 31,2 мың га.

Үш Жамбыл ауданы

Жамбыл ауданы – Алматы облысының оңтүстік-батысында орналасқан әкімшілік бірлік. 1928 жылы құрылған. Аумағы – 19,3 мың км². Орталығы – Ұзынағаш ауылы.

Жамбыл облысының оңтүстік-батысындағы аудан да Жамбыл деп аталады. 1928 жылы құрылған. Аумағы – 4,3 мың км². Орталығы – Аса ауылы.

Тағы бір Жамбыл ауданы Солтүстік Қазақстан облысында. 1997 жылы бұрынғы Преснов және Жамбыл аудандарының қосылуынан пайда болды, бұл ретте 1928 жылғы шекара қалпына келтiрiлген. Аумағы – 7,46 мың км². Орталығы – Пресновка ауылы.

Екі Алматы ауданы

Ең алдымен, қазіргі Нұр-Сұлтан, ол кезде Астана қаласының аумағында Алматы ауданы құрылған. 1998 жылы 6 мамырда. Аумағы – 21 054 га.

Ал, 2018 жылы 30 наурызда Ақтөбе қаласындағы әкімшілік-аумақтардың бірі Алматы ауданы атауына ие болды.

Екі Ақтоғай ауданы

Ақтоғай ауданы – Павлодар облысының солтүстік-батысында орналасқан. Жер ауып келген шаруалардың тың игеруімен байланысты 1907 жылы іргесі қаланған. Аумағы – 9,8 мың км². Орталығы – Ақтоғай ауылы.

Қарағанды облысының оңтүстік-шығысында да ертеден келе жатқан Ақтоғай ауданы бар. 1931 жылы, кей деректер бойынша 1928 жылы құрылған. Аумағы – 52,0 мың км². Орталығы – Ақтоғай ауылы.

Айта кетсек, Қазақстанда ресми түрде үш жаңа облыс құрылды.