Қазақстанда ұшақта тәртіп бұзған жолаушылар «қара тізімге» сот шешімімен енгізіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Азаматтық авиация саласында заңнамаға өзгерістер енгізіледі. Бұл туралы Мәжілісте заңнамалық актілерге көлік мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасын таныстыру кезінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Белгілі болғандай, әуе компанияларына әуе тасымалы шектелген адамдардың жеке тізілімін жүргізуге мүмкіндік беретін норма енгізіледі. Алайда азаматтар мұндай тізімге тек ұшақ бортындағы құқық бұзушылықтар үшін және оларды қылмыстық немесе әкімшілік жауапқа тарту нәтижесінде олардың кінәсі дәлелденген жағдайда ғана кіре алады.

Осы орайда Мәжіліс депутаты Альберт Рау аталған мәселеде халықаралық тәжірибе қалай іске асырылатынын сұрады.

«Бізге Lufthansa, Түркияның әуе желісі сапарлайды. Олар ұшақ бортында жанжал шығарған адамдарды тізімге қалай енгізеді? Не үшін заң жобасында бізде сот шешімімен енгізу ұсынылған?», - деді А. Рау.

Өз кезегінде Б. Камалиев елімізде әуе компаниялары жолаушыларды «қара тізімге» өздерінің шешімімен енгізетінін айтты.

«Оқиғалардың 99 пайыз жағдайында бұл Air Astana-ға қатысты, оларда өздерінің тізімі бар. Біз тиісті талқылаулар мен болған оқиғаларды пысықтай келе, жанжал шығарған адамдарды тек сот шешімімен тізімге енгізуді сұрап отырмыз», - деді вице-министр.

Бұдан бөлек, заң жобасы аясында «ұшқышсыз авиациялық жүйе» және «ұшқышсыз әуе кемесі» ұғымдары енгізіледі.

Оның айтуынша, заң жобасында бірінші басшының азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымға жүктелген міндеттерді орындағаны үшін дербес жауапкершілігі және авиация инспекторларының өздерінің қызметтік міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілігі көзделеді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жүктерді автомобильмен тасымалдаудың жоғары қарқыны жол төсемінің мерзімінен бұрын бұзылуына жол бермеу бойынша түбегейлі шараларды қабылдауды талап етеді.

Жолдарда көлік құралдарының салмақтық және габариттік параметрлерін өлшейтін автоматтандырылған станцияларды орнату жоспарлануда. Заң жобасында өлшеу станцияларын орнату және олардың жұмыс істеу тәртібін айқындайтын нормалар көзделген


Соңғы жаңалықтар
telegram