Қазақстанда ұшу қауіпсіздігінің деңгейі дамыған Еуропа елдерімен бірдей - комитет
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның авиация әкімшілігі еліміздің азаматтық авиация саласындағы аймақтық көшбасшылығын күшейтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Халықаралық авиациялық қоғамдастық соңғы екі-үш жыл ішінде Азаматтық авиация комитеті жүргізіп келе жатқан Қазақстандағы азаматтық авиация саласын басқарудың енгізіліп жатқан тәсілдерін оң бағалады.
Мұны ИКАО мен Еуропа комиссиясының сарапшылары да атап өтіп отыр.
Биылғы наурыз айында Қазақстанның авиациялық әкімшілігі «Air Transport News Corporate Award» корпоративтік сыйлығын алды.
Қазақстанның авиация әкімшілігі – төрт жыл бұрын үздік халықаралық тәжірибелерге негізделген тиімді авиациялық орган болу мақсатымен құрылған жас реттеуші орган.
Бүгінгі таңда әкімшілік штатында 150-дан астам авиация инспекторы бар.
ИКАО аудитінің нәтижесі бойынша ұшу қауіпсіздігінің деңгейі дамыған Еуропа елдерінің деңгейіне сәйкес келеді.
Ирландияның авиациялық билігімен және Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігімен (EASA) техникалық ынтымақтастық және адами әлеуетті арттыру жөніндегі үшжақты келісім аясында жұмыс басталды.
Бұл ынтымақтастықты жүзеге асыру елдегі ұшу қауіпсіздігінің деңгейін арттыруға және АҚШ-қа тікелей рейстерді іске қосу үшін FAA және ИКАО ұшу қауіпсіздігі аудитіне тиімді дайындалуға мүмкіндік береді.
Халықаралық ынтымақтастықты нығайту мақсатында ұшу қауіпсіздігінің деңгейін арттыру бойынша серіктестермен жұмыс жүріп жатыр.
ҚАӘ Халықаралық әуежайлар кеңесі (ACI Europe және ACI World), ұшу қауіпсіздігі, авиациялық қауіпсіздік және жолаушыларға қызмет көрсету сапасы бойынша Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA), сондай-ақ аэронавигациялық қызмет көрсетуді жетілдіру бойынша CANSO және EUROCONTROL сияқты жетекші халықаралық авиациялық қауымдастықтармен ынтымақтаса отырып, саланың мүддесін қолдайды.
ҚАӘ сонымен қатар ИКАО-мен әртүрлі орындарда белсенді жұмыс істейді.
«Өткен жылы Қазақстан өкілі Еуропа мен Солтүстік Атлантика аймағындағы ИКАО авиациялық қауіпсіздік жөніндегі арнайы тобы төрағасының орынбасары болып сайланды, ал биыл біз Азаматтық авиацияның бас директорлары конференциясы төрағасының орынбасары лауазымына ие болдық. ИКАО-мен тығыз ынтымақтастықтың нәтижесінде біз болашақта ИКАО стандарттарына 90% дейін сәйкестікке қол жеткізуді көреміз. Бүгінгі таңда Қазақстан ИКАО стандарттарына 82% сәйкес келеді. Алдағы уақытта ҚАӘ авиациялық биліктің аймақтық көшбасшылығын және сапалы халықаралық қатысуды нығайта береді» делінген ААК таратқан хабарламада.
Қазақстанды Орталық Азиядағы азаматтық авиацияның көшбасшысы ретінде көрсете отырып, авиациялық қауіпсіздік бойынша – AVSEC Авиациялық қауіпсіздікті үйлестіру тобы (6 мемлекет) және азаматтық авиацияны басқару бойынша – EACAC Еуразиялық азаматтық авиация конференциясы (10 мемлекет) бойынша екі аймақтық бастама іске қосылды.
Ұшу қауіпсіздігі мен жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімділігі мен нәтижелілігін арттыру үшін бақылау-қадағалау қызметінде ҚАӘ бизнес-процестерін оңтайландыру мен цифрландыруды бастау жоспарланған.
1 шілдеде ҚАӘ авиациялық билік органдарының қаржылық автономиясына қол жеткізу үшін ИКАО-ның үздік халықаралық тәжірибесі мен стандарттарына сәйкес келетін қаржыландырудың жаңа моделін іске қосты.