Қазақстанда «үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісі бекітілмек
АСТАНА. 9 шілде. ҚазАқпарат - Еліміздің Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі «үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісін белгілеуді ұсынады.
Бұл ұсынысты бүгін Ақордада өткен Ведомстволық наградалар жөніндегі геральдикалық комиссияның отырысында аталған ведомствоның басшысы Әлихан Бәйменов жасады.
«Геральдикалық комиссияның жұмыс органына 10 мемлекеттік органнан 21 ұсыныс түсті. Бүгінгі отырыста осы мемлекеттік органдардың 20 ұсынысын енгізіп отырмыз. Оның ішінде 7 мемлекеттік орган жаңа төсбелгі үлгілерін, 1 мемлекеттік орган жаңа медаль үлгісін әзірлеуде. Ал 2 мемлекеттік орган қолданыстағы ведомстволық наградаларды пысықтауға қатысты ұсыныстарын жолдады.
Жалпы, келіп түскен ұсыныстарды қолдауға болады деп санаймыз. Бұл ретте, 5 мемлекеттік органның ведомстволық наградаларының атауларын бірізділікке келтіру мақсатында Мұхтар Абрарұлы сізбен келіскен бағытта оларды 2-ші, 3-ші қосымшадағы кестеге сәйкес пысықтау ұсынылады, яғни үздік деген атауға келтіру», - деді ол.
Агенттік басшысының атап өтуінше, сонымен қатар, Статистика агенттігінің ведомстолық наградаға қатысты ұсынысы Президент Жарлығымен бекітілген ведомстволық наградалармен марапаттау қағидаларына сәйкес келмеуіне байланысты келесі отырыста қаралмақ.
Сондай-ақ агенттіктің төрағасы ретінде үздік мемлекеттік қызметші төсбелгісін белгілеуді ұсынатындығын атап өткен Ә.Бәменов: «Конституцияда бізде «мемлекеттік қызметкер» емес «мемлекеттік қызметші» болып бекітілген екен. Сондықтан қызметші деген атаумен «үздік мемлекеттік қызметші» төсбелігсін ұсынып отырмыз»,- деді.