Қазақстанда В және С вирустық гепатиттерін таратушы 626 медицина қызметкері анықталды

АСТАНА. Шілденің 21-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазақстанда В және С вирустық гепатиттерін таратушы 626 медицина қызметкері анықталды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің таратқан хабарламасында айтылған.

Қазақстанда В және С вирустық гепатиттерін таратушы 626 медицина қызметкері анықталды

Баспасөз қызметінің мәліметінше, ағымдағы жылғы шілденің 1-нен бастап меншік нысанына қарамастан еліміздің барлық медициналық ұйымдарында В және С вирустық гепатиттерінің алдын алу жөніндегі шараларды сақтауға, оның ішінде бейініне қарамастан, хирургиялық араласуға қатысатын медицина қызметкерлерінің, операциялық және таңу бөлімшелерінің орта және кіші медицина персоналдарының В және С гепатиттерінің маркеріне тексерілулерінің болуына тексеріс жүргізілуде. Шілденің 15-і жағдай бойынша 1467 медициналық ұйым, вирустық гепатиттердің маркеріне хирургиялық араласуға қатысатын 34 мың 787 медицина қызметкері тексерілген. Нәтижесінде В және С вирустық гепатиттерін таратушы 626 медицина қызметкері анықталған, оның ішінде 329 қызметкер В вирустық гепатитін, 280 қызметкер С вирустық гепатитін, 17 қызметкер В және С вирустық гепатиттерін таратушы екендігі анықталған. «В және С вирустық гепатиттері маркерлерінің таратушылығы анықталған барлық медицина қызметкерлері хирургиялық араласумен байланысты жұмыстан уақытша шеттетілді және толық тексерілуге және тегін емделуге жіберілді. 34 мың 725 медицина қызметкері В вирустық гепатитіне қарсы егулер қабылдады», делінген баспасө қызметінің мәліметінде. Медицина ұйымдарының басшыларына ауруханаішілік аурулардың алдын алу жөніндегі шараларды сақтау, «В» вирустық гепатитіне қарсы вакцинациясы әрі В және С вирустық гепатиттерінің маркеріне тексерілуі болған кезде ғана медицина қызметкерлерін жұмысқа қабылдауға тұрақты бақылауды қамтамасыз ету тапсырылған.