Қазақстанда вакцина жеткізу кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр – ҚР ДСМ

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда вакцина жеткізу кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанда вакцина жеткізу кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр – ҚР ДСМ

«Қазіргі уақытта Қазақстанда вакцина жеткізу кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын атап өту өте маңызды. Бүгінде өңірлерге шамамен 6,2 млн вакцина дозасы жеткізілді. Қазір 2 587 884 адам 1-компонентті алды. Бұл екпе алуға жататын халықтың 26 пайызын құрайды. Екінші компонент 1 480 309 адамға салынды», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында.

Оның дерегінше, республикада вакцинаның 1 млн-нан астам бірінші және 1 млн-нан астам екінші компонент қалдық дозасы бар.

«Жеткізу кестесі нақты бекітілген. Біз вакцинаны жарамдылық мерзімімен кезең-кезеңмен алып жатырмыз. Қазірге дейін үлкен үгіт жұмысы жүргізілді. Өңірлермен, мемлекеттік органдармен бірге аймақтық және орталық бұқаралық ақпарат құралдарында 3,5 мыңнан астам жарияланым, 17 мың материал жарық көрді», - деді Алексей Цой.