Қазақстанда валюталық ипотеканы қайта қаржыландыру мерзімі ұзартылды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық банкі басқармасының қаулысымен Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасына жеке тұлғалардың 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген валюталық ипотекалық қарыздарын қайта қаржыландыру мерзімі ұзартылды. Бұл туралы ҚР ҰБ баспасөз қызметінен мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Ұлттық банкі төрағасы Данияр Ақышев биылғы наурыздан бастап бағдарлама аясында банктер жеке тұлғалардың валюталық ипотекалық қарыздарын ҰБ-ның 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы бойынша (бір АҚШ доллары үшін 188,35 теңге) теңгемен қайта қаржыландыруды жүзеге асырып жатқандығын атап өтті.
«Бүгінде банктер 40,1 млрд теңге көлеміндегі сомаға 5 131 өтінімді қайта қаржыландыруға мақұлдады. 27,7 млрд теңге көлемінде 3 845 қарыз қайта қаржыландырылды. Валюталық ипотекалық қарыз алушыларды бағдарламамен барынша қамту мақсатында валюталық ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру мерзімі 2019 жылғы 15 шілдеге дейін ұзартылды», - деді Д. Ақышев.
Бағдарламаға енгізілген түзетулерді ескере отырып, қарыз алушылар кредитор банкке 2019 жылғы 1 шілдеден кешіктірмейтін мерзімде қайта қаржыландыруға өтініш беруі қажет.
ҰБ басшысы валюталық ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыруға Ұлттық банктің қаражатынан банктерге қайтарымды негізде 156 млрд теңге бөлінетінін хабарлады.
«Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында банктер қарыз алушылардың сыйақы, комиссиялар және тұрақсыздық айыбы (өсімпұл) бойынша 136 млрд теңгеден астам сомаға берешегін кешіретін болады», - деді Данияр Ақышев.
Сонымен қатар ол ҚР Ұлттық банкі қазіргі уақытта мүлкі банктердің балансында тұрған ипотекалық қарыз алушыларды қолдаудың соңғы сатысына кіріскенін атап өтті.