Қазақстанда ветеринарлардың тапшылығы шешілмеген күйінде қалып отыр - халықаралық конференция
АСТАНА. 20 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақстанның ауылды аумақтарының үштен бір бөлігінде ветеринар мамандар жоқ.
Бұл туралы бүгін елордада «Қазақстан Респубилкасындағы ветеринарияның жағдайы және даму перспективасы» тақырыбында өткен халықаралық конференцияда С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті ветеринария және мал шаруашылығы технологиясы факультетінің деканы Балғабай Майқанов айтты.
«Ауылдық жерлерге ветеринарлық мамандарды тарту және мемлекет тарапынан берілетін көмек арқылы олардың тұрақтануын қамтамасыз ету мәселелері әлі шешілмей отыр. Осы бағытта қолға алу жоспарланған жұмыстар тек мемлекеттік қызметте жүрген ветеринар мамандарды ғана қамтиды. Ал ветеринарлық іс-шараларды жүргізетін нақты мамандар бұл санаттан тыс қалуда. Бір сөзбен айтқанда, ветеринария мамандарының кадрлық тапшылығы шешілмеген күйінде қалып отыр», - деп атап өтті ол.
«Қазіргі таңда ауылды аумақтардың үштен бір бөлігінде ветеринар мамандар жоқ. Мұндай жағдаймен елдегі эпизоотикалық жетістіктер мен мал шаруашылығының дамуы туралы айту орынсыз», - деп жалғастырды ғалым.
Б.Майқановтың атап өтуінше, ауылдық жерлерде бірде-бір ветеринар маман болмағаннан кейін қосымша мемлекеттік бақылау құрылымдарын құруға бағытталған жұмыстар тиімсіз болып табылады.