Қазақстанда воркауттан халықаралық жарыстар өтетін болады - У.Тен

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бұдан былай Қазақстанда да воркауттан халықаралық жарыстар өтетін болады. Бұл туралы бүгін Алматыда тұңғыш рет стрит воркаутқа арналған спорт алаңының ашылу салтанатында осы шараны ұйымдастырған «World Class Almaty» спорт кешенінің атқарушы директоры Уәлихан Тен мәлім етті.

Қазақстанда воркауттан халықаралық жарыстар өтетін болады - У.Тен

Оның айтуынша, бүгін «Мега» сауда ойын-сауық кешенінің аумағына құрылған «Стрит воркаут» спорт алаңында халықаралық жарыстарға қатысатын алғашқы қарлығаштар дайындалатын болады.

«Өйткені бұл спорт алаңы әлемдік стандарттарға сай жасалды. Мұнда 17 снаряд орнатылған. Енді оларда сан түрлі жаттығулар жасауға болады. Стрит воркаут - бұл аулалық жаттығу, аулалық фитнес. Денсаулықты жақсартуға, сымбатты болуға арналған. Бүгінгі шара - Елбасының халыққа Жолдауында салауатты өмір салтын насихаттауға қатысты айтқан үндеуі аясында қолға алынып отырған әлеуметтік жоба. Аталмыш спорт алаңын ашуға «Bank RBK» банкі демеушілік көрсетті», - деді өз сөзінде Уәлихан Тен.

Сонымен қатар, Уәлихан Тен биыл Алматыда осындай тағы үш аулалық стрит воркаут спорт алаңдарының ашылатынын жеткізді. Олардың екеуі көппәтерлі тұрғын үйлердің аулаларына, ал бірі ірі сауда ойын-сауық кешенінің аумағына орнатылатын болады.

Бүгінгі шараға Алматы қалалық Жастар саясаты басқармасының бастығы Санжар Боқаев пен «Bank RBK» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі Әнуар Сайденов қатысты.

«Жастарымыздың дене шынықтыру жаттығуларының осы түріне қызығушылық танытып жатқаны көңіл қуантады. Жалпы воркаут, паркур секілді спорт түрлері халық арасынан шығып көпшілікке танымал болды. Бізде де енді солармен кәсіби тұрғыда айналысатын жастар көбейеді деген ойдамын» - деді сөз сөзінде Ә.Сайденов.

Салтанатты шарадан кейін Алматыда құрылған алғашқы «Воркаут» командасының спортшылары әр түрлі снарядтарда өнер көрсетіп, көпшілікті тәнті етті. Бұдан былай да аталмыш спорт алаңына кез-келген адам келіп тегін жаттыға алады.

Естеріңізге сала кетейік, Воркаут (Workout) - жаппай дене шынықтыруға арналған жаттығулардың бір түрі. Аулаларда немесе арнайы алаңдарда турник, қырлы бөренелер, швед қабырғасы, көлденең баспалдақтар және басқа да құрылымдар орнатылып, оларда сан түрлі жаттығулар жасауға болады. Воркауттан алғашқы халықаралық чемпионат 2011 жылы Латвияда өткен болатын. Онда бірінші орын алған украиндық спортшы Евгений Кочерга 16 килограммдық кір тасын тісімен тістеп, турникке бір қолымен тартылған.