Қазақстанда ядролық қондырғыларды орналастыру алаңын таңдау қағидалары өзгереді

АСТАНА. KAZINFORM – Энергетика министрлігі ядролық қондырғыларды орналастыру алаңын және оларды көму пунктерін таңдау ережелеріне толықтырулар енгізеді. Жаңа ережелер ядролық және радиациялық қауіпсіздікті, адамдар мен қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету мақсатында ядролық қондырғыларды орналастыру алаңы мен көму пунктерін салуға қолайлы алаңдарды анықтауға қойылатын талаптарды күшейтеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі «Ашық НҚА» порталындағы қаулы жобасына сілтеме жасап.

ядролық қондырғы
Фото: freepik.com

Жаңа ережелер ядролық қондырғылар мен оларды көму пунктерін (ЯҚКП) орналастыру алаңдарын таңдау тәртібін айқындайды. Бұл ретте табиғи және техногендік қауіптер, қоршаған ортаға қойылатын талаптар, экономикалық және әлеуметтік факторлар, сондай-ақ халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігі ескеріледі. Сондай-ақ ережеде алаңды бағалау үшін қажетті құжаттарды дайындау және рәсімдеу процесі сипатталады.

Мысалы, ЯҚКП орналастыру алаңы табиғи және техногендік сипаттағы ықтимал сыртқы әсерлерді; радиоактивті заттардың таралу мүмкіндігін; ядролық қондырғыны немесе көму пунктін пайдалануда немесе төтенше оқиғалар мен апаттар туындаған жағдайда халыққа және қоршаған ортаға зиянды болдырмау мүмкіндігін ескере отырып анықталады.

Алаңды таңдау жұмыстары жобаға дейінгі құжаттаманы әзірлеу сатысында жүргізіледі. Ережеге сәйкес, жобалық құжаттар мемлекеттік экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық сараптамалардан өтеді.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары ЯҚКП-ның барлық жұмыс циклінде, оның ішінде жоспарлау, алаңды таңдау, жобалау, дайындау, салу, пайдалануға беру, тікелей пайдалану, сондай-ақ қолданыстан шығару және жабу кезінде белгіленеді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету жеке және ұжымдық қорғаныс шараларынан, қоршаған ортаны қорғау шараларынан тұрады, деп көрсетілген ережеде.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету адамдарды жеке және ұжымдық қорғау, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау шараларынан тұрады:

ЯҚКП орналастыру кезінде пайдаланушы ұйымның қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары;

адамдардың, соның ішінде ЯҚКП қызметкерлері мен ықтимал әсер ету аймағындағы халықтың радиациялық сәулеленуін және радиоактивті материалдардың қоршаған ортаға шығуын тұрақты бақылауды қамтамасыз ету;

ядролық реактордың белсенді аймағын, ядролық тізбекті реакцияны, радиоизотоп немесе иондаушы сәулелену көзін бақылауды жоғалтуға әкелуі мүмкін оқиғаларды бақылау;

ЯҚКП-да орын алуы мүмкін оқиғалар мен апаттық жағдайлар тәуекелдерін басқару және олардың салдарын азайту.

ЯҚКП орналастыру алаңдарын зерттеу критерийлері арасында:

Жобалау аймағын алдын ала зерттеу кезінде бірнеше (кемінде үш) бәсекелес алаңдарды анықтау, бұл алаңдар бойынша егжей-тегжейлі зерттеулер жүргізу және келесі аспектілерді:

ЯҚКП-ға аймақта болатын табиғи құбылыстардың, процестердің және сыртқы оқиғалардың ықпалды;

ЯҚКП әсер ететін жобалау аймағының табиғи, әлеуметтік-экономикалық және демографиялық сипаттамалары;

Радиоактивті өнімдердің тасымалы мен жинақталуына ықпал ететін аймақ пен қоршаған ортаның сипаттамаларды бағалау.

Сондай-ақ табиғи сипаттағы сыртқы құбылыстар мен процестер ескеріледі.

Сонымен бірге, ядролық қондырғылар мен көму пунктерін салу және олардың орналасатын аймағы туралы шешімді Үкімет жергілікті өкілді органдардың келісімімен қабылдайды.

Өзгерістер Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) қауіпсіздік нормалары мен ұсынымдарына негізделген және дамыған елдердің жинақталған тәжірибесін, сондай-ақ олардың қолдану практикасын қамтиды, деп көрсетілген түсіндірме жазбада.

Соңғы жаңалықтар