Қазақстанда ядролық қалдықтарды сақтайтын полигон ашылады деген әңгіме шындыққа сайкес келмейді - Мәулен Әшімбаев
АСТАНА. 26 қазан. ҚазАқпарат - Қазақстанда ядролық қалдықтарды сақтайтын полигонды ашу мәселесі қарастырылуы мүмкін емес.
Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Мәжіліс депутаты, Палатаның Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев осылай айтты. «Қазақстанда ядролық қалдықтарды сақтайтын полигон ашылады деген әңгіме шындыққа сайкес келмейді. Ондай мәселе қарастырылып жатқан жоқ және қарастырылуы да мүмкін емес деп ойлаймын. Өйткені, еліміздің қауіпсіздігіне де, болашағына да тікелей әсер ететін дүние, сондықтан бұндай мәселелер Қазақстанда көтерілуіне ешқандай негіз жоқ»,-деп атап өтті халық қалаулысы. Сонымен қатар М. Әшімбаев Қазақстанда Ядролық отын банкін құру жобасына тоқталды. «Қазіргі кезде еліміздің Үкіметі мен МАГАТЭ (Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік) арасында Қазақстанда Халықаралық ядролық отын банкін құру тұрғысында келіссөздер жүргізіп жатыр. Осы орайда бұл келіссөздердің негізгі қағидасы еліміздің қауіпсіздігіне, болашағына, халықтың денсаулығына кері әсерін тигізбеуге тікелей қатысты»,-деді депутат. Естеріңізге сала кетейік, Ядролық отын банкін Үлбі металлургия зауыты базасында құру қарастырылуда. Бұл тұрғыда мәселенің мәнісі төмен байытылған уранды қоймада сақтауға қатысты болып отыр. Осындай уранды Үлбі металлургия зауытында уран гексафторидін сақтауға арналған қоймалық нысанда орналастыру мүмкіндігі бар.