Қазақстанда ядролық отын банкін орналастыруға МАГАТЭ-нің қарсылығы жоқ - Д. Тұрғанов
АСТАНА. Сәуірдің 13-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстанда ядролық отын банкін орналастыруға МАГАТЭ-нің қарсылығы жоқ. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Атом энергиясын пайдалану туралы» жаңа заң жобасының таныстырылымы барысында Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Дүйсенбай Тұрғанов осылай мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өткен аптада елімізге келген сапарында БҰҰ Бас хатшысы мен МАГАТЭ Бас хатшысының орынбасары Семей полигонына барып, ондағы жағдаймен танысқан болатын. Осы сапар аясындағы кездесулерде Қазақстанда ядролық отын банкін орналастыру мәселелері жайында да сөз болды. Бүгінгі күні Ресей тарапы ядролық отын банкі бойынша бастама көтеріп, олар өз аумағында мұны жүзеге асыруға мүдделі болып отыр. Ал МАГАТЭ өкілдерімен болған әңгімеде біз Қазақстанда осы ядролық отын банкін орналастыру мүмкіндігі жайында сұраған болатынбыз. Ол бойынша Бас хатшының орынбасары жалпы МАГАТЭ-нің бұл мәселеге соншалықты қарсылығы жоқтығын, тек ол бойынша бірқатар талаптар болатынын атап өтті. Дегенмен, бұл бағытта нақты шешімдер қабылданған жоқ», деді Д. Тұрғанов.